Меню

Страницы

Статья

Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспары шеңберінде азаптау мен қатыгездіктен қорғау

Халықаралық құқық азаптауға және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаның басқа түрлеріне тыйым салады. Мұндай әрекеттер jus cogens нормалары санатына жатады және ешбір уақытта, бейбіт кезде немесе қарулы қақтығыс жағдайында болсын, қолдануға рұқсат етілмейді.

Азаптауға және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе  ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаның басқа түрлеріне тыйым салу Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948 ж.) және адам құқықтары жөніндегі көптеген халықаралық және аймақтық шарттарда қамтылған. Олардың ішіне Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (1966), Адам құқықтары мен негізгі бостандықтар жөніндегі Еуропалық конвенциясы (1950), Адам құқықтары жөніндегі Америка конвенциясы (1978) және Адам мен халықтар құқықтары жөніндегі Африка хартиясы (1981) кіреді.

Сонымен қатар, азаптаумен күресу мақсатында бірқатар келісімдер әзірленген. Осы саладағы негізгі құжат 1984 жылғы 10 желтоқсандағы Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Конвенция (бұдан әрі - Азаптауларға қарсы Конвенция) болып табылады, оған сәйкес «азаптау»-  қандай да бір адамға одан немесе үшінші адамнан мәлімет немесе мойындау алу, ол немесе үшінші адам жасаган немесе жасағанына сезік келтірілген әрекеті үшін оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды қорқыту немесе мәжбүрлеу үшін дене немесе рухани қатты зақымдары немесе азап шегуі қасақана жасалатын немесе кез келген сипаттағы кемсітушілікке негізделген кез келген себеп бойынша мұндай зақымды немесе азап шегуді мемлекеттік лауазымды тұлғамен немесе ресми түрдегі басқа да адаммен немесе олардың азғыруы немесе олардың келісімімен немесе үнсіз келісу бойынша келтірілетін кез келген іс-әрекетті білдіреді. Бұл анықтамаға заңдық санкциялар нәтижесінде ғана туындайтын, осы санкциялардан ажыратылмайтын немесе олармен кездейсоқ келтірілетін зақым немесе азап шегу енгізілмейді.[https://www.un.org/ru/documents/decl_conv/conventions/torture.shtml]

Бұдан басқа, Конвенцияда азаптауға абсолютті тыйым салу және жоғарыдан жасалған бұйрық азаптауды ақтай алмайтыны бекітілген. Конвенцияға қатысушы мемлекеттер адамдарды оларға азаптаулар қолдану қаупі бар елге шығарып жібермеуге немесе қайтармауға міндеттенеді. Конвенцияны бұзушыларға қатысты мемлекеттер оларды жазалауға немесе экстрадициялау рәсімін қолдануға міндетті, жауап алу ережелері мен әдістері жүйелі бақылауда болуға, азаптаудың қасақана фактілерін әділ тергеуге және азаптауды қолдану нәтижесінде алынған айғақтарды дәлел ретінде мойындамауға, сондай-ақ жәбірленушілерді толық оңалтуға арналған қаражатты қоса алғанда, әділ және барабар өтемақы беруге міндетті.

Аймақтық деңгейде адам құқықтары саласындағы құрал Азаптаудың және адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер немесе жазалауды алдын алу жөніндегі Еуропалық конвенция (1987) және Азаптаудың алдын алу және оларды қолданғаны үшін жазалау жөніндегі америкааралық конвенция (1985) болып табылады.

Азаптауға тыйым салу халықаралық гуманитарлық құқық құжаттарында, мысалы, 1907 жылғы Төртінші Гаага Конвенциясында, 1949 жылғы төрт Женева конвенцияларында және 1977 жылғы екі Қосымша хаттамада қамтылған.

Анықтама үшін: Халықаралық гуманитарлық құқық азаптаудың өзгеше анықтамасын ұсынады. Адамға қатты зақым келтіру немесе азап шектіруге бағытталған әрекеттер азаптау ретінде қарастырылуы үшін бұл әрекеттерді жасайтын адамның ресми мәртебесінің болуы талап етілмейді. Халықаралық Қызыл крест Комитеті гуманитарлық заңмен тыйым салынған азаптауды да, қорлаудың басқа әдістерін де қамтитын «қатыгездік» ұғымын қолданады, атап айтқанда адамгершілікке жатпайтын, қатыгез, және қорлайтын іс-әрекеттер, адамның қадір-қасиетін қорлау және дене немесе рухани зақым келтіру [https://www.icrc.org/ru/doc/resources/documents/misc/69ubby.htm ].

Азаптаудан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазадан бостандық құқығын іске асыру практикасына жүгінсек, БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті (бұдан әрі - БҰҰ АҚК) қызметінің маңыздылығын атап өткен жөн [Аналитический отчет об итогах фундаментального и прикладного научного исследования 2018 года по теме: Имплементация норма международных договоров в области прав человека (гражданские и политические права) в законодательство Республики Казахстан, Астана , 2018, www.zgai.kz ].

БҰҰ АҚК - БҰҰ-ның шарттық органы болып табылады, Азаптауға қарсы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің орындалуына мониторинг жүргізетін 10 тәуелсіз сарапшыдан тұрады. Комитет мемлекеттерді адам құқықтарын бұзғаны үшін жауапқа тартады және мұндай қылмыстарды тоқтату, оларды алдын алу мақсатында азаптау туралы хабарламаларды тергеумен айналысады [ohchr.org ].

Сондай-ақ, жоғарыда аталған конвенцияға 2006 жылғы маусымда күшіне енген Факультативтік хаттама қатысушы мемлекеттердің аумағында бас бостандығынан айыру орындарына бару өкілеттігі бар Азаптаулардың алдын алу жөніндегі кіші комитетті (ААКК) құру үшін негіз болды.

Қазақстанда азаптауға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдануда. Қазақстан Республикасы азаптауға қарсы төзімсіздікті ұстанады және мұндай әрекеттерді қолдануға конституциялық деңгейде тыйым салады.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға тыйым салынады [См. Конституция Республики Казахстан].

Қазақстан Республикасының Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға (ҚР 1998 жылғы 29 маусымдағы № 247 Заңы) қосылғанын және Факультативтік хаттаманы (бұдан әрі-Факультативтік хаттама) ратификациялағанын айта кету керек (ҚР 2008 жылғы 26 маусымдағы  48-IV Заңы).

Факультативтік хаттаманың 3, 17-баптарына сәйкес әрбір қатысушы мемлекет ұлттық деңгейде азаптаудың алдын алу үшін бір немесе бірнеше тәуелсіз органдарды (ұлттық алдын алу тетіктерін) құрады, тағайындайды немесе қолдайды [https://www.un.org/ru/documents/decl_conv/conventions/torture_prot.shtml].

Факультативтік хаттама шеңберінде Қазақстан қабылдаған міндеттемелерді орындау үшін Қазақстанда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан азаптауға қарсы күрес Ұлттық алдын-алу тетігін (бұдан әрі - ҰАТ) құрған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қатынас пен жаза түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін құру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды (ҚР 2013 жылғы 2 шілдедегі № 111-V Заңы).

Қазақстандағы ҰАТ Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мен азаматтық қоғам өкілдерінің азаптаулар мен қатыгездіктің алдын алу мәселелеріндегі әріптестігін көздейтін «Омбудсмен+» моделі негізінде құрылған [(https://cdn.penalreform.org/wp-content/uploads/2021/12/ENSURING-INDEPENDENCE-OF-THE-NPM-IN-KAZAKHSTAN_RUS.pdf).].

Азаптау үшін қылмыстық жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 146-бабында белгіленген.

Рақымшылық жасау актісі немесе ескіру мерзімі салдарынан, (ҚК 71, 78-баптары), сондай-ақ тараптардың белсенді өкінуіне (ҚК 65-бабының 2-бөлігі) және татуласуына байланысты (ҚК 68-бабының 4-бөлігі) (2014 жылдан бастап) азаптау үшін қылмыстық жауаптылықтан босатуға тыйым салу енгізіле отырып, жазалау шаралары қатаңдатылды.

Ұлттық заңнаманы Азаптауға қарсы конвенцияға сәйкес келтіру үшін аталған бапқа құқық бұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі. Бүгінгі күні ҚР Мәжілісінің қарауында «Қазақстан Республикасының қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптаулар мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері жөніндегі қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бар, оны әзірлеуші Ішкі істер министрлігі болып табылады. Олардың ұсыныстарының бірі - "азаптау" ұғымына нақты анықтама беру және "қатыгездік"деген жаңа ұғымды қосу [https://www.parlam.kz/ru/mazhilis/post-item/36/15626]. Жоғарыда айтылғандай, Конституцияда ешкімге қатыгездік немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жаза қолданылмауы керек делінген, бірақ заңнамада бұл ұғымдар ешқандай түрде көрсетілмеген. "Қатыгездік немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас" қылмысының осындай құрамын енгізу қатыгездік пен азаптауды ажыратуға көмектеседі. Сонымен қатар, ол Азаптауға қарсы конвенцияға жататын қылмыстардың біліктілігі мәселесін шешеді және оқу, тәрбие, емдеу, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен ұйымдардағы осындай фактілердің санын азайтуға көмектеседі.

Бұдан басқа, «Ашық НҚА» алаңында жария талқылау үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы орналастырылған, оған сәйкес Қылмыстық кодексте шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайтын адамдардың тізімін толықтыру ұсынылады [https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14377605]. Яғни, 63-баптың 6-бөлігіне сәйкес шартты соттауды адамды азаптағаны үшін соттау кезінде қолданбау ұсынылады.

Үкімет деңгейінде «Адам құқықтары және заңның үстемдігі саласындағы одан арғы шаралар жоспарын бекіту туралы» (ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 28 сәуірдегі № 258 қаулысы) бекітілді, ол қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптаулар мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары жөніндегі шараларды қамтиды. Осы Жоспарды орындау мақсатында Бас прокуратура «Прокуратура органдарында азаптау бойынша қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы» Нұсқаулық қабылдады. Нұсқаулықта Стамбул хаттамасының ұсынымдарын қолдануға бағытталған ережелер бар.

Анықталған азаптау фактілерін тергеу кезіндегі тергеу мәселелері ерекше бақылауда.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуде жүйелі тәсілдің маңыздылығын және осы бағытқа жауапты нақты органның жоқтығын атап өтті. Осыған байланысты Бас прокуратураға азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу функциясын бекітуді тапсырды, бұл тәсіл тергеудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, құқық қорғау саласындағы озбырлығы үшін жазаның бұлтартпастығын бекітеді [ https://www.akorda.kz/ru/o-merah-po-realizacii-poslaniya-glavy-gosudarstva-narodu-kazahstana-ot-16-marta-2022-goda-novyy-kazahstan-put-obnovleniya-i-modernizacii-292959].

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда азаптауды тергеумен тек прокурорлар ғана айналысады.

Сотталғандарды медициналық қамтамасыз етуді ІІМ қарамағынан Денсаулық сақтау министрлігіне беру рәсімі аяқталды.

Сотталғандардың өтініштерін беру үшін терминалдарды (243) орнату және үздіксіз бейнебақылауды енгізу жалғасуда (жұмыстар 79 колонияның 33 аяқталды, қылмыстық қудалау органдарының жедел-тергеу бөлімшелерінде 20 мың камера орнатылды).

Қазақстанда азаптаудың немесе қатыгездіктің басқа түрлерінің алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Атқарылған жұмыстармен қатар Қазақстан азаптаулардың алдын алу және ұлттық заңнаманы адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге ұмтылу саласындағы жұмысты одан әрі жалғастыратын болады.

 

 

А.А. Ехласова Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіінің Халықаралық  құқық және адам   құқықтары саласындағы жұмысты үйлестіру департамент директоры.

Дата публикации
31 января 2023
Дата обновления
31 января 2023
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Талдамалық мақала
14 сентября 2026
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдар тізбесі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК
Мақалалар
31 июля 2026
Атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру – ашықтыққа және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бастайтын жол
Мақалалар
22 июля 2026
Қазақстан Республикасындағы географиялық нұсқамалар

Социальные медиа

Facebook
YouTube

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы