1. Жол жүрісінің негізгі қағидаттары қандай?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 3 – бабына сәйкес жол жүрiсiнің негiзгi қағидаттары:
1) жол жүрiсiне қатысушылардың өмiрi мен денсаулығының шаруашылық қызметтiң экономикалық нәтижелерiнен басымдығы;
2) жол жүрiсi қауiпсiздiгiнің қамтамасыз етілуі үшін мемлекет жауаптылығының жол жүрiсiне қатысушылардың жауаптылығынан басымдығы;
3) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету кезiнде жол жүрiсiне қатысушылар, қоғам мен мемлекет мүдделерiнiң сақталуы;
4) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жүйелi көзқарас болып табылады.
2. Көлік құралдарына және оларды басқаратын адамдарға жол жүрісіне қатысуға рұқсат беруі қалай жүзеге асырылады?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 60 –бабына сәйкес көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру:
1) көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау;
2) тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін бере отырып, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және есепке алу;
3) көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу;
4) халықаралық жол жүрісіне рұқсат беруге арналған шарттарды орындау арқылы жүзеге асырылады.
Адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру:
көлік құралдарын басқару құқығына куәліктер беру арқылы жүзеге асырылады.
3. Қандай көлік құралдары мемлекеттік тіркеуге жатады?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 64 –бабына сәйкес уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге механикалық көлік құралдары мен тіркемелердің мынадай түрлері жатады:
1) жеңіл, жүк автомобильдері, автобустар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, және троллейбустар;
2) ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын мотоциклдер, трициклдер, квадроциклдер мен мопедтер;
3) автомобильдердің құрамында жүруге арналған тіркемелер.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері əскери полиция органдарында мемлекеттік тіркеуге жатады.
Мемлекеттік тіркеуге: ұрыс көлік құралдары, тракторлар, олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилерді қоса алғанда, және жолдардан тыс жерде жүретін технологиялық көлiк ретiнде пайдаланылатын механизмдер, тiркемелер; трамвайлар және басқа да рельстік механикалық көлiк құралдары; басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына бір жылдан кем мерзiмге әкелiнген жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, олардың шассилерiнде жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер жатпайды.
4. Қандай жағдайларда көлік құралдарын басқару құқығы тоқтатылады?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 75–бабының 1 тармағына сәйкес мыналар көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіздер болып табылады:
1) жүргізуші куәлігі қолданысының белгіленген мерзімінің өтуі;
2) медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін жүргізуші денсаулығының нашарлауы.
Механикалық көлік құралы жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруге мерзімінен бұрын жіберу көлік құралын басқару құқығын тоқтата тұруға негіз болып табылады;
3) жүргізушіні жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге арналған емтиханды тапсырмау;
4) көлік құралдарын басқару құқығынан айыру.
Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату уәкілетті органның (лауазымды адамның) қуынымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен сот шешімі бойынша жүзеге асырылады.
5. Көлік құралдарын есептен алып тастау тәртібі қандай?
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығының 57-т. сәйкес көлік құралын есептен шығару үшін олардың иелері (иелерінің өкілдері) Мемлекеттік корпорацияға осы Қағидалардың 16-тармағының 2), 7), 9), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады, сондай-ақ МТНБ-ны тапсырады.
Салық салу объектісі болып табылатын көлік құралына қатысты тіркеу әрекеттерін жүзеге асырған жағдайда, меншік құқығын беретін адамның осындай объектіге нақты иелік ету кезеңі үшін төлеуге жататын салық сомасы Салық кодексінде белгіленген тәртіппен, көрсетілген іс-әрекеттерді жасағанға дейін бюджетке енгізіледі.
Есептен шығару ішкі істер органдарының ақпараттық ресурстары бойынша есептен шығаруға ешқандай шектеулер жоқ екені туралы сұрау салулар орындалғаннан кейін ғана жүргізіледі.
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамы көлік құралын есептен шығару туралы шешім қабылдағаннан кейін бұл туралы ақпарат БАЖ-ға енгізіледі.
6. Жол жүрісі саласына бақылауды кім жүргізеді?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 22 –бабына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы – уәкілетті орган ведомствосының басшысы;
2) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары – уәкілетті орган ведомствосы басшысының орынбасарлары;
3) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары – уәкілетті орган ведомствосының мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары;
6) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары жатады.
7. Жол жүрісі қағидаларына оқыту қалай жүргізіледі?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 45 –бабына сәйкес жол жүрісі қағидаларына оқыту үлгілік бағдарламалар мен әдістемелік ұсынымдардың негізінде жүргізіледі.
Жол жүрісі қағидаларын оқыту меншік нысанына қарамастан, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізіледі.
8. Жаяу жүргіншілер үшін қандай құқықтар мен міндеттер көзделген?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 56 –бабына сәйкес жаяу жүргіншінің құзыретті органдардан, жолдардың, өтпелердің және басқа да жол құрылыстарының иелерінен қауіпсіз жүру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді талап етуге құқығы бар.
Жаяу жүргінші:
1) тротуарлармен және жол жиектерімен, жаяу жүргінші жолдарымен және жүруге жайластырылған және ыңғайластырылған басқа да жерлермен жүріп-тұруға;
2) жолдың жүретін бөлігін жаяу жүргінші өткелдерімен, оның ішінде жерасты және жерүсті өткелдерімен, көрінетін жерде олар болмаған кезде – тротуарлардың немесе жол жиектерінің бойымен жол қиылыстарында, көрінетін аймақта өткел немесе жол қиылысы болмаған кезде жолдың жүретін бөлігінің шетіне тік бұрышпен кесіп өтуге;
3) жаяу жүргінші өткелінен тыс жерде жолдың жүретін бөлігін кесіп өткен кезде көлік құралдарының жүрісіне кедергі келтірмеуге және жақындап қалған көлік құралдарының жоқ екендігіне көз жеткізбестен, маңайды шолуды шектейтін тоқтап тұрған көлік құралының тасасынан шықпауға;
4) реттелмейтін жаяу жүргінші өткелдерінде жолдан өту өзі үшін қауіпсіз болатынына сенімді болғаннан кейін ғана жолдың жүретін бөлігіне шығуға;
5) маршрутты көлік құралы мен таксиді – аялдама пункттерінде, ал олар болмаған кезде – тротуарда немесе жол жиегінде күтуге міндетті.
Жаяу жүргіншіге:
1) елдi мекенде бөлу жолағы болған кезде жолдың жүру бөлiгін жаяу жүргінші өткелінен тыс жерден, сондай-ақ жаяу жүргiншiлердің немесе жолдың қоршаулары орнатылған жерлерден өтуге;
2) автомагистральдарда тұруға тыйым салынады.
9. Көлік құралдарын тіркеу деректеріне не жатады?
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V «Жол жүрісі туралы» Заңының 72 –бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу туралы құжатқа енгізілетін және уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде мемлекеттік есепке алуға жататын көлік құралының міндетті тіркеу деректеріне мынадай негізгі мәліметтер жатады:
1) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің әріптік-цифрлық белгіленуі;
2) көлік құралының шыққан жылы;
3) көлік құралының маркасы және моделі;
4) осы көлік құралын басқару құқығына берілетін санат немесе кіші санат;
5) көлік құралдарын жасаушы ұйым берген сәйкестендіру нөмірі немесе шассидің (шанағының, рамасының) нөмірі;
6) түсі;
7) қозғалтқыштың көлемі, қозғалтқыштың ат күшімен және киловатпен алынған қуаты;
8) көлік құралы иесінің – жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы;
9) жеке тұлға үшін – тұрғылықты жерінің, заңды тұлғаның немесе оның филиалының орналасқан жерінің мекенжайы;
10) көлік құралдарын тіркеу органының атауы.
11) көлік құралдарына салықты есептеу мақсаты үшін Қазақстан Республикасының аумағына жеңіл автомобильдерді әкелген күн.
Бұл ретте жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік кіріс органдарының мәліметтері негізінде әкелген күнді айқындауға құқылы.
Осы тармақшаның мақсаты үшін Қазақстан Республикасының аумағына жеңіл автомобильдерді әкелген күн ретінде «2014 жылғы 1 қаңтарға дейін» немесе «2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін» деп көрсетіледі.
2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жеңіл автомобильдерді бастапқы мемлекеттік тіркеу күні оларды әкелген күн болып есептеледі.
12) жеңіл автомобильдерді өндіруші ел (Қазақстан (басқалар).
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган көлік құралдарын шығарумен байланысты кеден операциялары жүргізілгеннен кейін уәкілетті органның көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің бірыңғай ақпараттық жүйесіне бірлескен актіде айқындалатын тәртіппен мәліметтерді жібереді.