Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ведомстволық наградалары

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 Қаулысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларымен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) қағидалары,
сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының тізбесі мен сипаттамалары бекітілді.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ведомстволық наградаларына келесі награда түрлері жатады:

1. «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі

Талаптар: «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен қызметтік мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, орындаған тапсырмаларының жоғары сапасы, бастамашылдығы, шығармашылық белсендiлiгi, ұзақ әрi мiнсiз қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн әділет органдарын дамытуда елеулі үлес қосқан әділет органдарының қызметкерлері және өзге де адамдар марапатталады.

2. «Еңбек ардагері» медалі

Талаптар: «Еңбек ардагері» медалімен (нақты салаға байланыстырмай) 40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар марапатталады.

3. «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісі

Талаптар: «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өздеріне жүктелген міндеттерін адал және жауапкершілікпен орындайтын, бұл ретте бастамашылық және кәсібилік танытқан, жас мамандарға тәлімгер болып табылатын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес күнтізбелік есеппен жалпы 15 және одан да көп жыл сіңірген еңбегі бар әділет органдарының қызметкерлері марапатталады.

4. І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Заңгер» төсбелгісі

Талаптар: «Заңгер» төсбелгісімен жоғары заң білімі, қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өзіне жүктелген міндеттерді адал және кәсіптік шеберлікпен орындайтын әділет органдарының қызметкерлері марапатталады.

«Заңгер» төсбелгісі үш дәрежеден тұрады:

1) әділет органдары жүйесінде 12 жыл сіңірген еңбегі үшін марапаттауға –
І дәрежелi «Заңгер»;

2) әділет органдары жүйесінде 10 жыл сіңірген еңбегі үшін марапаттауға –
ІІ дәрежелi «Заңгер»;

3) әділет органдары жүйесінде 7 жыл сіңірген еңбегі үшін марапаттауға –
ІІІ дәрежелi «Заңгер».

5. «Әділет органдарының үздігі» төсбелгісі

Талаптар: «Әділет органдарының үздігі» төсбелгісімен қызметі бойынша оң мінездемесі бар, лауазымдық міндеттерін адал және кәсіби шеберлікпен орындағаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес күнтізбелік есеппен әділет органдары жүйесінде 5 және одан да көп жыл сіңірген еңбегі бар әділет органдарының қызметкерлері және өзге де адамдар марапатталады.

6. «Заң саласының үздігі» төсбелгісі

Талаптар: «Заң саласының үздігі» төсбелгісімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өздеріне жүктелген міндеттерді адал және кәсіби орындайтын, мемлекеттік органдардың заң қызметтерінде жалпы еңбек өтілі 5 жылдан кем емес қызметкерлері марапатталады.

Дата публикации
17 марта 2025