Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын, 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тануға өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1. Конвенцияның 6-бабының бірінші абзацы «азаматтық істер бойынша атқарушы жазбаларды, сот шешімдерін» деген сөздерден кейін «кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын (сот бұйрығы туралы ұйғарымдарды) (бұдан әрі – сот бұйрықтары)» деген сөздермен толықтырылсын.
2. Конвенцияның 54–бабы 1-тармағының «а» тармақшасы «(бұдан әрі - шешімдер)» деген сөздерден кейін «, сот бұйрықтары» деген сөздермен толықтырылсын.
3. Конвенцияның 56-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
«56-бап. Шешімді, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхат
1. Шешімді, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхат пайдасына шешім, сот бұйрығы шығарылған тарап шешім, сот бұйрығы орындалуға жататын Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотына беріледі. Ол сондай-ақ іс бойынша шешім, сот бұйрығын шығарған бірінші сатыдағы сотқа да берілуі мүмкін. Осы сот өзінің шешімін, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхатты осы өтінішхат бойынша шешім шығаруға құзыретті сотқа жібереді.
2. Өтінішхатқа:
а) шешім, сот бұйрығы немесе олардың куәландырылған көшірмелері, сондай-ақ шешім, сот бұйрығы заңды күшіне енгендігі және орындалуға жататындығы туралы немесе, егер бұл шешімнің, сот бұйрығының өзінен туындамаса, олар заңды күшіне енгенге дейін орындалуға жататындығы туралы ресми құжат;
б) процеске қатыспаған, оған қарсы шешім шығарылған тараптың тиісті тәртіппен және уақтылы сотқа шақырылғандығы жөніндегі, ал оның іс жүргізуге қабілетсіздігі жағдайында тиісті түрде ұсынылғандығы туралы құжат; сот бұйрығы шығарылған жағдайда – аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот бұйрығы (оның көшірмесі) борышкерге тапсырылғанын немесе жіберілгенін растайтын құжат (оның көшірмесі);
в) шешімнің, сот бұйрығының жөнелтілген кезінде ішінара орындалғанын растайтын құжат;
г) шарттық соттылық істері жөніндегі тараптардың келісімін растайтын құжат қоса беріледі.
3. Шешімді, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар сұрау салынған Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе орыс тіліне куәландырылған аудармасымен қоса беріледі.».
4. Конвенцияның 59–бабының «в» тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын: «сот бұйрығы шығарылған жағдайда - аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес борышкерге сот бұйрығы (оның көшірмесі) тапсырылмаса немесе жіберілмесе;».
2-бап
Осы Хаттама ратификациялауға жатады және Конвенцияның120-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
Осы Хаттамаға басқа мемлекеттер ол күшіне енгеннен кейін барлық Уағдаласушы Тараптың келісімі бойынша қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру арқылы қосыла алады. Депозитарий осындай қосылуға келісім туралы соңғы хабарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң қосылу күшіне енді деп саналады.
_____________________________қаласында бір төлнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін