Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстан Республикасының аумағында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V Заңымен азаматтардың денсаулықты қорғауға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастар реттеледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 1 - бабының 12 - тармақшасы).
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке өздері үшін қорға аударымдар және (немесе) жарналар төлеу жүзеге асырылған, сондай-ақ осы Заңның 28-бабының 7-тармағына сәйкес қорға жарналар төлеуден босатылған адамдардың құқығы бар. Аударымдарды және (немесе) жарналарды төлемеген жағдайда адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті осындай аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу тоқтатылған кезден бастап үш айдан артық алмайды. Бұл құқық адамдарды төленбеген кезең үшін қорға жарналар төлеу міндетінен босатпайды (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 5 - бабының 1 - тармағы).
Азаматтардың жоспарлы медициналық көмек алу жағдайларында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымды таңдауға құқығы бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық ұйымды таңдау құқығы азаматтарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық алған кезден бастап туындайды (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 5 - бабы).
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар: төлеушілер; медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар; денсаулық сақтау субъектілері; уәкілетті орган; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі; қор; Мемлекеттік корпорация; өзге де уәкілетті органдар болып табылады (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 13 - бабы).
Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаларды қоса алғанда, жұмыс берушілер, сондай-ақ аударымдар мен жарналарды есептейтін (ұстап қалатын) және қорға аударатын шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары, өкілдіктері аударымдарды төлеушілер болып табылады. Жарналарды төлеушілер: мемлекет; әскери қызметшілерді, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін қоспағанда, қызметкерлер, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілер болып табылады; арнайы салық режимдерін қолданатын және бірыңғай төлем шеңберінде қорға жарналар төлеуді жүзеге асыратын микрокәсіпкерлік және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері болып табылатын тұлғалар, дара кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын тұлғалар; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық агентімен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар; жарналар, оның ішінде ҚР шегінен тыс жерлерге шыққан ҚР азаматтары; жеке көмекшілер (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 14 - бабының 1 – 2 тармағы).
Медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың: уақтылы және сапалы медициналық көмек алуға; осы Заңға сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық ұйымды таңдауға құқығы бар. Медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексінде көзделген пациенттердің құқықтарын пайдаланады (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 15 - бабы).
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілерінің: көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін басқа да денсаулық сақтау субъектілерімен қордың келісуі бойынша шарттар жасасуға; көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын түсіндіру үшін қорға өтініш жасауға құқығы бар.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарына деректерді енгізудің уақтылығын, анықтығын және дұрыстығын; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарына қолжетімділікті; көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттаманы қордың сұрау салуы бойынша беруге; көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалуын мониторингтеу үшін медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын медициналық ұйымға қордың талап етуі бойынша кіруді қамтамасыз етуге міндетті (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 16 - бабы).
Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары мынадай адамдар: балалар; жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген адамдарды қоспағанда, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі); жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар; мүгедектігі бар балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері; қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар; тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар; жұмыс істемейтін қандастар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар; мүгедектігі бар адамдар; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 26 – бабының 1 - тармағы).
Жұмыс берушілердің қорға төленуге жататын аударымдары:
2017 жылғы 1 шілдеден бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 1 пайызы;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 1,5 пайызы;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 2 пайызы;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – аударымдарды есептеу объектісінің 3 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Бірыңғай төлемді төлеушілер үшін ҚР Салық кодексінің 776-3-бабының 1-тармағында белгіленген бірыңғай төлем ставкасынан аударымдар мөлшері мыналарды құрайды:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 15,0 пайызды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 14,0 пайызды;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 12,6 пайызды;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 12,1 пайызды;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 11,6 пайызды;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 11,4 пайызды құрайды.
Жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған не жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған, қызметкерлер саны немесе штаты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде қысқартылған жағдайларда, еңбек шарты бұзылған кезде Қорға аударымдар және (немесе) жарналар өтемақы төлемдерінен ұсталмайды (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 29 – бабының 4 – тармағының 5-тармақшасы).
Жұмыскерлердің, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалардың және жеке көмекшілердің қорға төлеуге жататын жарналары мынадай мөлшерде белгіленеді:
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналарды есептеу объектісінің 1 пайызы;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – жарналарды есептеу объектісінің 2 пайызы.
Осы Заңның 14-бабы 2-тармағының 2-1) тармақшасында көзделген жұмыскерлердің қорға төленуге жататын жарналары:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10,0 пайызы;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 9,3 пайызы;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 8,4 пайызы;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 8,1 пайыз;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 7,8 пайызы;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 7,6 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Дара кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын адамдардың жарналары 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Дербес төлеушілердің жарналары 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 28 – бабының 1 – тармағы).
Жұмыс беруші тиісті кезеңде жұмыскерге тиесілі болған жалақының құрамдас бөліктері туралы ай сайын хабардар ете отырып, оған қорға есептелген (ұстап қалынған) аударымдар және (немесе) жарналар туралы мәліметтерді ұсынуға мiндеттi (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 32 – бабының 4 – тармағы).
Аударымдардың және (немесе) жарналардың уақтылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады және төлеуші оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күн үшін (қорға төлеу күнін қоса алғанда) есепке жазылған өсімпұлмен бірге қордың шотына аударуға тиіс (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 31 – бабының 1 – тармағы).
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтер сапасы: денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі клиникалық хаттамалар мен алгоритмдерді жетілдірумен; медициналық ұйымдарды аккредиттеумен; медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының ішкі сараптамасымен; медицина жұмыскерлеріне қосымша білім берумен; медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылаумен қамтамасыз етіледі (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 37 – бабының 1 – тармағы).
Аударымдар және (немесе) жарналар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленеді. Жұмыскерлердің аударымдарын және (немесе) жарналарын аударуды жұмыс беруші ай сайын жүзеге асырады. Есептелген (ұсталған) аударымдар және (немесе) жарналар мемлекеттік корпорацияның кейіннен қор шотына аударуы үшін банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі – банктер) арқылы аударылады. Бірыңғай төлем төлеушілер қорға аударымдар мен жарналарды Салық кодексінің 776-4-бабында белгіленген мерзімде төлейді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың жарналарын Қорға аударуды осындай шарттар жасалған салық агенттері ай сайын мемлекеттік корпорация арқылы Қордың шотына жүзеге асырады. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке көмекшілердің жарналарын аударуды осындай шарттар жасалған заңды тұлғалар ай сайын мемлекеттік корпорация арқылы Қордың шотына жүзеге асырады. Дербес төлеушілердің, дара кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын адамдардың ай сайынғы жарналарын төлеу мемлекеттік корпорацияның кейіннен қор шотына аударуы үшін банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүзеге асырылады («Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 478 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару қағидалары мен мерзімдерін және Аударымдардың, жарналардың және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) есепке жатқызылған сомаларын төлеушілерге қайтаруды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 3-тарауы).
Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және МӘМС жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпаратты алу үшін жеке тұлға Қорға «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы қойылған немесе ұялы байланыс операторы ұсынған көрсетілетін қызметті алушының абоненттік нөмірі тіркелген және қосылған жағдайда бір реттік парольмен куәландырылған электрондық сұрау салуды жібереді портал тіркелгісіне.Процестің сипаттамаларын, нысаны мен нәтижесін қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтер осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде келтірілген. Жеке басты куәландыратын құжат туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «электрондық үкімет» шлюзі арқылы алады. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі он бес минуттан аспайды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі № ҚР ДСМ-26/2020 «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 2-тарауы).