Тақырыбы: «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды ҚР Әлеуметтік Кодексінде көзделген мемлекеттік қолдау туралы»

1. Мүгедектігі бар адамдардың негізгі құқықтары мен міндеттері қандай?

Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар: әлеуметтік қорғалуға, оның ішінде абилитациялауға, оңалтуға, қоғамға интеграциялануға; мектепке дейінгі тәрбие алу мен оқу, білім алу үшін жағдайлармен қамтамасыз етілуге; Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке; арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлеміне; кәсіптік даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабілетін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға; инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне; өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға; Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге; мемлекеттік және өзге ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген әлеуметтік-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.

Мүгедектігі бар адам: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде өзінің денсаулығының жай-күйі туралы толық және анық мәліметтерді беруге; Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалатын тәртіппен профилактикалық медициналық қарап-тексеруден, скринингтік зерттеуден өтуге; жеке бағдарламада ұсынылған іс-шараларды орындауға; әлеуметтенуге және қоғамға интеграциялануға қатысуға міндетті (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  154-бабы).

2. Мүгедектіктің алдын алу қандай шаралар кешенін қамтиды?

Мүгедектіктің алдын алу ерте диагностикалауға, аурулардың ерте сатыда өршуінің және олардың салдарының алдын алуға, орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешенін, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адамның өмір сүруінің экологиялық ортасын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірісте жарақаттанудың алдын алу, кәсіптік ауруларды азайту жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Мүгедектіктің алдын алуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар мен жұмыс берушілер жүзеге асырады (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  159-бабы).

3. Мүгедектігі бар адамдарды медициналық оңалтуға не кіреді?

Медициналық оңалтуды (абилитациялауды) медициналық жұмыскерлер клиникалық хаттамаларға, медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

Медициналық абилитация туа біткен функционалдық шектеулері бар балалар үш жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Медициналық ұйым медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін, оңалтуды (абилитациялауды) жүргізу түрлері мен мерзімін көрсете отырып, мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың (абилитациялаудың) жеке бағдарламасының медициналық бөлігін әзірлейді, оны орындауды жүзеге асырады. Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз ету осы Кодекстің 169-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емделуге шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші өтейді. Жұмыс берушіге қатысты оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес беріледі. Жұмыс беруші-дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес беріледі (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  160-бабы).

4. Мүгедектігі бар адамдардың қай топтарына жеке көмекшінің қызметтері ұсынылады?

Жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен күніне сегіз сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады. Жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекшінің қызметтері оған күтім жасайтын адамға осы Кодекстің 187-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған және төленген кезде ұсынылмайды. Жеке көмекші қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде жүзеге асырады (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  163-бабының 2-тармағы).

5. Мүгедектігі бар адамдарды кәсіби оңалту нені қамтиды?

Мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалту кәсіптік бағдарлауды, кәсіптік оқытуды (қайта оқытуды), жұмысқа орналастыруды қамтиды және осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес іске асырылады. Жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды немесе қайта оқытуды, оларды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құруды жұмыс беруші осы Кодекске сәйкес меншікті қаражаты есебінен қамтамасыз етеді  (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  165-бабы).

6. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қандай түрлері ұсынылуы мүмкін?

Мүгедектігі бар адамдардың: мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар; еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем; мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы); бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы) түрінде әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Осы бапта көзделген құқықтар осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады. Жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілердің және өзге де ұйымдардың шешімі бойынша мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шаралары берілуі мүмкін (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  170-бабы).

7. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындаудың қандай шарттары бар?

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жәрдемақы тағайындауға жүгінген уақытқа жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғастырылып жатқанына қарамастан, мүгедектік белгіленген жағдайда тағайындалады. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктердің және азаматтығы жоқ адамдардың мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектіктің қашан – жұмыс істеу немесе қызмет ету кезеңінде, жұмысқа тұрғанға дейін немесе жұмысты тоқтатқаннан кейін болғанына қарамастан тағайындалады. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектік белгіленген күннен бастап, бірақ оны тағайындауға жүгінген күнге дейін немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға келісім алған күнге дейін үш айдан аспайтын мерзімге тағайындалады. Зейнетақы төлемдерін алуға құқық беретін жасқа толған мүгедектігі бар адамдарды қайта куәландыру олардың өтініші бойынша ғана жүргізіледі. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша бір мезгілде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар алуға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бір жәрдемақы тағайындалады. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын адамның өтініші негізінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының бір түрінен екінші түріне ауыстыру өтініш тіркелген күннен бастап жүргізіледі (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  175-бабы).

8. Мүгедектігі бар адамдардың қандай санаттары мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы?

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар мүгедектігі бар адамдарға: жалпы аурудан, еңбек мертігуінен, кәсіптік аурудан мүгедектігі бар адамдар, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар; бала кезінен мүгедектігі бар адамдар жатады; әскери қызмет өткеру кезінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі, ауруы салдарынан мүгедектігі туындаған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қатарынан мүгедектігі бар адамдар, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық объектілердегі авариялардың зардаптарын жою кезінде не ядролық объектілердегі авариялық жағдайлардың салдарынан мүгедектігі туындаған адамдар; әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының және бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің басшы және қатардағы құрамындағы адамдардың қатарынан мүгедектігі бар адамдар әскери қызметтің, арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтің (қызметтік) міндеттерін атқарумен байланысты емес жазатайым оқиғаның салдарынан мертігу салдарынан мүгедектік басталған кезде немесе әскери және қызметтік борышын орындаумен байланысты емес аурулар; әскери қызметшілерден (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), әскери қызметті, арнаулы мемлекеттік органдарда қызметті өткеру кезінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруы салдарынан мүгедектігі туындаған арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары мен бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерінің қатарындағы мүгедектігі бар адамдар – қызметтік міндеттерін атқару кезінде; төтенше экологиялық жағдайлардың салдарынан, оның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтар жүргізу кезіндегі радиациялық әсердің және/немесе себеп-салдарлық байланыс белгіленген жағдайда олардың зардаптарының салдарынан мүгедектігі бар адамдар. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы тағайындалған адамдарға 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет қаражаты есебінен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін іс жүзінде алынатын зейнетақы мөлшерінен кем емес мөлшерде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. 

9. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қандай мөлшерде тағайындалады?

Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып, бюджет қаражаты есебінен ай сайын төленеді. Осы Кодекстің 176-бабының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мынадай: жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі; бірінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 2,20 ең төмен күнкөріс деңгейі; екінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 1,83 ең төмен күнкөріс деңгейі; үшінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі; бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,20 ең төмен күнкөріс деңгейі; бала кезінен екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,83 ең төмен күнкөріс деңгейі; бала кезінен үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі; бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,20 ең төмен күнкөріс деңгейі; екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,76 ең төмен күнкөріс деңгейі; үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,20 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерлерінде тағайындалады.

Осы Кодекстің 176-бабының 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мынадай: бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 3,22 ең төмен күнкөріс деңгейі; екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,75 ең төмен күнкөріс деңгейі; үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,31 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

Осы Кодекстің 176-бабының 5) тармақшасында көрсетілген мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мынадай: бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 3,94 ең төмен күнкөріс деңгейі; екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 3,04 ең төмен күнкөріс деңгейі; үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,31 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  177-бабының 1-4-тармақтары).

10. Мүгедек баланы тәрбиелеу кезінде кімге және қандай мөлшерде жәрдемақы беріледі?

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген шетелдіктерге беріледі. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы тағайындалады. Отбасында мүгедектігі бар екі және одан да көп бала тұратын жағдайда мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мүгедектігі бар әрбір балаға тағайындалады және төленеді. Туған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған мүгедектігі бар баласы бар отбасыларға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген күннен бастап тағайындалады. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы ай сайын бюджет қаражаты есебінен 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде төленеді. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің  183-184-баптары).

Дата публикации
10 августа 2023