1. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны алуға кім құқылы?
Бала туғанда берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген және өзінің туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар шетелдіктерге бала туған күннен бастап беріледі (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 79-б. 1-т.).
2. Бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері қандай?
Бала туғанда берілетін жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен мынадай: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 айлық есептік көрсеткіш; төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 80-б. 1-т.).
3. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алуға кім құқылы?
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетелдіктерге беріледі (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 81-б. 1-т.).
4. Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының мөлшері?
Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен ай сайын мынадай: бірінші балаға – 5,76 айлық есептік көрсеткіш; екінші балаға – 6,81 айлық есептік көрсеткіш; үшінші балаға – 7,85 айлық есептік көрсеткіш; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 82-б. 1-т.).
5. Бала күтіміне байланысты жәрдемақының төленуі қандай жағдайда тоқтатылады?
Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеуді тоқтатуға: баланың қайтыс болуы; баланы мемлекеттің толық қамтамасыз етуіне беру; өтініш берушінің бала күтіміне байланысты жәрдемақыны заңсыз тағайындауға алып келген анық емес мәліметтерді ұсынуы; бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алушыға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталуы; Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе ата-ана құқықтарын шектеу, бала асырап алуды жарамсыз деп тану немесе оның күшін жою, қорғаншыларды өз міндеттерін атқарудан босату немесе шеттету негіз болып табылады (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 83-б. 3-т.).
6. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға кім құқылы?
Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем осы әлеуметтік төлемді алуға құқығы бар және қоса алғанда бала (балалар) бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасауды жүзеге асыратын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады. Бұл ретте, егер балаға күтімді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірнеше қатысушы жасаса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем көрсетілген адамдардың біреуіне ғана тағайындалады. Екі және одан көп бала туған кезде бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем әр балаға жеке тағайындалады (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 84-б. 1-т.).
7. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері қандай?
Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін кірісті алмастыру коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады және ай сайын Қордың активтері есебінен төленеді. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын жиырма төртке бөлу жолымен айқындалады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдерінде алынған кіріс төлеуші беретін кірістер туралы анықтаманың негізінде орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі. Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңдері орташа айлық кіріс мөлшерінің есебінен алып тасталады және орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезеңі басталардың тура алдындағы басқа айлармен ауыстырылады (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 85-б. 1-т.).
8. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны алуға кім құқылы?
Көп балалы отбасына берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетелдіктерге беріледі. Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылардың көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 90-б. 1,2-т.).
9. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақының мөлшері?
Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы ай сайын бюджет қаражаты есебінен мынадай: төрт балаға – 16,03 айлық есептік көрсеткіш; бес балаға – 20,04 айлық есептік көрсеткіш; алты балаға – 24,05 айлық есептік көрсеткіш; жеті балаға – 28,06 айлық есептік көрсеткіш; сегіз және одан көп балаға – әрбір балаға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 91-б. 1-т.).
10. Наградталған анаға берілетін жәрдемақыны алуға кім құқығы?
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады. «Мемлекеттік наградалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде наградталған анаға берілетін жәрдемақыны алу құқығын пайдаланады (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 93-б. 1-т.).
11. Наградталған анаға берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын бюджет қаражаты есебінен мынадай: «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 айлық есептік көрсеткіш; «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік Кодексінің 94-б. 1-т.).