Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызмет өткеру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуі және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың негіздері «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV ҚРЗ Заңында айқындалған.
1. Әскери қызмет нені білдіреді және оған не кіреді?
Әскери қызмет:әскерге шақыру бойынша әскери қызметті; келісімшарт бойынша әскери қызметті қамтиды.
Әскерге шақыру бойынша әскери қызметке: қатардағы және сержанттық құрамдардың мерзімді әскери қызметі; осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған офицерлердің әскери қызметі; жұмылдыру, соғыс жағдайы кезіндегі, соғыс уақытындағы және әскери жиындарды өткеру кезіндегі әскери қызмет жатады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке: қатардағы, сержанттық және офицерлік құрамдардың әскери лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің әскери қызметі; əскери оқу орындары кадеттерінің, курсанттарының, адъюнкттерінің, магистранттарымен докторанттарының, əскери интерндерінің əскери қызметі жəне оқуы жатады.
Әскери жиындарға шақырылған азаматтар әскери қызмет міндеттерін атқарады.
Мерзiмдi қызмет өткеруге азаматтардың құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар оқу орындарының күндiзгi оқу бөлiмдерiнде оқыған уақыты, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өту уақыты теңестiріледi (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 18-бабының 1-3-тарматары).
Әскери қызметшінің мәртебесі заңдарда белгіленген алып тастауларымен және шектеулерімен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әскери қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ әскери қызмет ерекшеліктерімен негізделген оның құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.
Әскери қызметшілердің құқықтары мен бостандықтарын алып тастаулар мен шектеулер, ерекше міндеттері мен жауаптылығы осы Заңда белгіленген қосымша құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.
Әскери қызметші мәртебесіне мына азаматтар: әскери қызметке (жиындарға) шақырылғандар – жергілікті әскери басқару органынан әскери қызмет (жиындарды) өткеру орнына кету туралы тиісті бастықтың бұйрығы шыққан күннен бастап; келісімшарт бойынша әскери қызметке түскендер – әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) бөлім жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шыққан күннен бастап; техникалық жəне кəсіптік, орта білімнен кейінгі жəне жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орындарына түскендер, егер бұған дейін олар əскери қызметшілер болып табылмаса – əскери оқу орындары үшін, ұландарды қоспағанда, оқу құрамының тізімдеріне қабылдау туралы əскери оқу орны бастығының бұйрығы шыққан күннен бастап, ал шетелдік əскери оқу орнына түскен кезде – уəкілетті орган басшысының оқуға жіберу туралы бұйрығы шыққан күннен бастап; негізгі орта білім беру базасында техникалық жəне кəсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орындарында оқудың екінші курсын аяқтаған ұландар əскери оқу орны бастығының оқуды жалғастыру, үшінші курсқа ауыстыру жəне ауыспалы құрамның кадеті əскери лауазымына тағайындау туралы бұйрығы шыққан күннен бастап ие болады.
Азамат əскери қызметтен шығарылуға (əскери жиындардың аяқталуына) байланысты əскери бөлімнің тізімдерінен алып тасталған күннен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарына ауыстырылған жағдайда əскери қызметші мəртебесін жоғалтады (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 5-бабының 1-тармағы).
Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу – бұл әскерге шақыру жасына дейінгілерді әскери есепке қою үшін жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, тиісті жергілікті атқарушы органдар жүргізетін әскери есепке алу іс-шаралары.
Тіркелу жылы он жеті жасқа толатын Қазақстан Республикасының ер азаматтары әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге жатады (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 16-бабының 1-2-тармағы).
Әскери міндеттілердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады: қатардағы және сержанттық құрамдар – елу жасты қоса алғанда; офицерлер құрамы үшін – алпыс жасты қоса алғанда.
Әскери мiндетті әйелдердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады: қатардағы және сержанттық құрамдар үшiн – отыз бес жасты қоса алғанда; офицерлер құрамының адамдары үшiн – қырық бес жасты қоса алғанда.
Запаста тұрудың шектi жасына толған әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста тұрудың шекті жасын бес жылға дейін ұзартуы мүмкін (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 42-бабы).
Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру: азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды; запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды; әскери жиындарға шақыруды; жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды қамтиды.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пункттерімен, оларды күтіп-ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етеді.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру үшін осы Заңда белгіленген тәртіппен әскерге шақыру комиссиялары құрылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
Ұйымдардың басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және азаматтарды, олар әскери қызметке шақырылған кезде медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастыруға міндетті.
Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы болмаса, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан сәттен бастап әскери қызметке шақырылды деп есептеледi (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 27-бабы).
Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi. Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады. Мерзімді әскери қызметке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті физикалық және моральдық-психологиялық қасиеттері бар азаматтар шақырылады (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31-бабы).
Әскери есепке алуды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды олардың тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) орны бойынша жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады, ал олар жоқ елді мекендерде әскери есепке алуды кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері қамтамасыз етеді (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 15-бабының 2-тармағы).
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 30-бабы).
Әскери жиындар-әскери міндеттілер мен азаматтардың әскери білімді игеруі және жетілдіруі мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда әскери басқару органдары, әскери даярлық жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар өткізетін іс-шаралар (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 1-бабының 1-тармақшасы).
Әскери жиындарға шақырудан: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар; мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы; ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне; күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагогтері, оқу жылы кезеңiне; күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар; әскери мiндеттi әйелдер; әскери мiндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде; он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар; оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iсін қарап жатқан адамдар; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері болып сайланған әскери міндеттілер босатылады (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 36-бабының 2-тармағы).
Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан: денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған; жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған; туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген; басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген; «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер; ғылыми дәрежесi бар азаматтар; тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 36-бабының 1-тармағы).
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі.
Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша: отбасы жағдайлары бойынша; білім алуды жалғастыру үшін; денсаулық жағдайы бойынша; басқа да себептер бойынша беріледі (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабының 1-тармағы).
Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру: басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.
Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi: әкесi, анасы, зайыбы, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса; ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері; әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi); өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) асырап отырған анасы (әкесi); бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адам болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi; отбасы мүшелерінің бірінің мүгедектігі бар және әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болып табылады; өзiнiң асырауында: анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары); ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға; некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру беріледі (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабының 2-тармағы).
Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру: білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне; тиiстi білім беру ұйымдарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте – бiр жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын аяқтағанға дейiн; жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне беріледі.
Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру қашықтан оқытуды қолдана отырып білім алатын азаматтарға берілмейді (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабының 3-тармағы).
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет ету үшін адамдар денсаулық жағдайына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру үшін азаматтар (әскери қызметшілер) денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды (бұдан әрі – талаптар) көздейді.
Бағандар бойынша азаматтардың (әскери қызметшілердің) әскери қызметке денсаулық жағдайына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Бағандар бойынша талаптар) осы талаптарға 1-қосымшада айқындалған және мыналарға қойылады: І баған бойынша: әскерге шақыру учаскелеріне тіркелетін азаматтарға; мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарға; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында (бұдан әрі – ҚР ҚМ мамандандырылған ұйымдары) әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша өтеусіз негізде даярлау үшін іріктелетін азаматтарға; жалпы орта білімнің жалпы білім беру бағдарламасын іске асыратын(бұдан әрі – мектептер) әскери оқу орындарына (бұдан әрі – ӘОО) оқуға түсетін азаматтарға және оның тәрбиеленушілеріне; ІІ баған бойынша: техникалық және кәсіби, жоғары білім бағдарламаларын іске асыратын ӘОО-ға оқуға түсетін азаматтарға (әскери қызметшілерге); жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларға (факультеттерге) оқуға түсетін және онда оқитын азаматтарға; запастағы қатардағы жауынгерлер, сержанттар қатарынан келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтарға, мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерге, сондай-ақ әскери атағы жоқ, әйелдерге; ҚР ҚМ мамандандырылған ұйымдарына әскери-техникалық және өзге де әскери мамандықтар бойынша өтеулі негізде даярлау үшін іріктелетін азаматтарға; мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерге; әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасағанға дейін ӘОО курсанттарына (кадеттеріне); есепке алу мақсатында әскери жиынға шақырылатын және одан өтетін запастағы қатардағы жауынгерлер мен сержанттарға; ІІІ баған бойынша: әскери қызметке шақырылатын және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін запастағы офицерлерге; келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге; әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлерге; жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ӘОО-ға оқуға түсетін әскери қызметшілерге; әскери қызмет өту туралы келісімшарт жасағаннан кейінгі ӘОО-ның курсанттарына (кадеттеріне); есепке алу мақсатында әскери жиындарға шақырылатын және одан өтетін запастағы офицерлерге; ІV баған бойынша: келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін (келісім шарт бойынша әскери қызметке түсетін) әскери қызметшілерге (азаматтарға), Десанттық-шабуылдау әскерлерінде (бұдан әрі – ДШӘ), Әскери-теңіз күштерінде (бұдан әрі – ӘТК), арнайы мақсаттағы бөлімдерде (бұдан әрі – АрнМақБ) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген офицерлерге – талаптар арнайы мақсаттағы, теңіз жаяу әскері, десанттық-шабылдау бөлімшелері және барлау бөлімшелері үшін, жауынгерлік жүзгіштерге және сүңгуірлер құрамына, сондай-ақ корабльдер мен кемелер экипажына; танкілерді және басқа да машиналарды суасты жүргізуге, сондай-ақ теңізге шығуғатартылатын әскери қызметшілерге (әскери жиындарға шақырылған азаматтарға) (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 722 «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет өткеру үшін адамдар денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығының 1-2-тармағы).
Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге – жұмыс істеп жүрген бүкіл кезеңіне; тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына – олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне; өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн; азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге; кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге; құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабының 5-тармағы).
Келісімшарт бойынша əскери қызметшілерге екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жəрдемақы төлене отырып, жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі, оның ұзақтығы еңбек сіңірген жылдарына қарай күнтізбелік есептеумен белгіленеді: кемінде он жыл – 30 тəулік; он жылдан он бес жылға дейін – 35 тəулік; он бес жылдан жиырма жылға дейін – 40 тəулік; жиырма жəне одан көп жыл – 45 тəулік.
Ұшу жұмыстарында, корабльдік қызметте болатын, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқаратын, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілейтін тізбе бойынша жергілікті жерлерде қызмет өткеретін əскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалысқа қосымша 10 тəулік демалыс беріледі.
Жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы демалыс күндеріне келетін мереке күндерді есептемей, күн тәртібіне және қызметтік уақыт регламентіне қарамастан, күнтізбелік күндермен есептеледі.
Келісімшарт бойынша əскери қызметшілерге (əскери интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, адъюнкттерге) жазғы каникулдық демалыс берумен, жыл сайынғы негізгі демалыс беріле отырып, екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жəрдемақы төлеу жүргізіледі.
Əскери интерндердің, магистранттардың, докторанттардың, адъюнкттердің жазғы жəне қысқы каникулдық демалысының жиынтығы жыл сайынғы негізгі демалысқа теңестіріледі. Келісімшарт бойынша əскери қызметші теріс себептермен əскери қызметтен шығарылған жағдайда, ол сауықтыруға арналған жəрдемақы сомасын қызмет өткермеген уақытына пропорционалды түрде өтеуге міндетті. Әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген қосымша демалыстар беріледі. Мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерден, кадеттер мен курсанттардан басқа, əскери қызметшіге оның баянаты бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде айқындалатын тəртіппен бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс беріледі. Жыл сайынғы негізгі жəне қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы тиісті жылға 60 тəуліктен аспауға тиіс, бұл ретте демалыс орнына дейін жол жүру жəне кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі. Демалыс орнына дейін жол жүру жəне кері қайту үшін қажетті уақытты беру тəртібі Əскери қызмет өткеру қағидаларында белгіленеді. Келісімшарт бойынша əскери қызметшінің демалысы қызмет мүддесі ескеріле отырып, бөліктерге бөлінуі мүмкін. Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне жалпыәскери жарғыларда айқындалған тәртіпте көтермелеу түрінде қысқа мерзімді демалыс беріледі. Қажет болған кезде әскери қызметшілерге ауыруы бойынша, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді, ал әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) оқитындарға каникулдық демалыстар беріледі. Əскери қызметшілерге (мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерден, кадеттер мен курсанттардан басқа) оқуға түсу емтихандарына дайындалу жəне тапсыру үшін жоғары жəне жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу кезеңінде оқу жоспарында айқындалған мерзімге оқу демалыстары беріледі, ал ғылым кандидаты, докторы ғылыми дəрежелерінің, философия докторы (PhD) жəне бейіні бойынша доктор дəрежелерінің ізденушілері болып табылатын əскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен шығармашылық демалыстар беріледі. Жыл сайынғы негізгі демалыс жұмылдыру, соғыс немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында және қызметтік қажеттілік жағдайында уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тоқтатылады. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлігі ағымдағы жылы немесе келесі жылы беріледі. Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он және одан астам күнтізбелік күнді құраса, әскери қызметшілерге демалыс өткізу орнына бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі. Демалыстың өткен жылы пайдаланылмаған бөлігі əскери қызметшіге оның баянаты бойынша ағымдағы жылы бөлек беріледі не жыл сайынғы негізгі ақы төленетін демалысына қосылады. Өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін немесе оқуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында қызмет өткеретіндердің демалысқа құқықтарын пайдаланады. Əскери қызметшілердің жұмыс істейтін зайыптарына (жұбайларына) жыл сайынғы демалыстар жұмыс берушімен келісу бойынша олардың жұбайларының (зайыптарының) кезекті демалысымен бір мезгілде берілуі мүмкін. Бұл ретте демалыс ұзақтығы жұмыс берушімен келісу бойынша жалақы сақталмайтын қосымша демалыс беру есебінен жұбайының (зайыбының) демалыс ұзақтығына тең болуы мүмкін (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 46-бабы).