Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу

                   Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу

1 кезең: НҚА жобасын жария талқылау.

Әзірлеуші мемлекеттік орган:

- НҚА жобасын ашық талқылау үшін Ашық НҚА интернет-порталында (бұдан әрі - Портал) орналастырады (жария талқылау мерзімі 10 жұмыс күнінен кем болмауы тиіс). Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы НҚА жобасы әзірленген жағдайда салыстырмалы кесте де орналастырылады;

- ескертулерді және (немесе) ұсыныстарды олар келіп түскен сәттен бастап        3 жұмыс күнінен кешіктірмей қарастырады;

- НҚА жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы есепті қалыптастырады.

Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде әзірленетін, орындалу мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын, сондай-ақ барлық деңгейдегі бюджеттерді бекіту туралы НҚА жобаларын жария талқылау мерзімі күнтізбелік 5 күнге дейін, ал карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) және ТЖ жирялау бойынша НҚА жобаларын - 1 күнтізбелік күнге дейін қысқартылуы мүмкін.

* НҚА «Құқықтық актілер туралы» Заңның 34-бабының 3-тармағына сәйкес құзыреті болған кезде әзірленеді.

* Қазақ және орыс тілдеріндегі НҚА жобаларының мәтіндерінің теңтүпнұсқаулығы мен әзірлеу сапасын қамтамасыз ететін тиісті құрылымды бөлімшелермен НҚА жобаларын әзірлеу жүзеге асырылады.

 

Сараптамалық қорытындылар алу және мүдделі мемлекеттік органдармен келісу (жария талқылау рәсімімен бірге).

Әзірлеуші мемлекеттік орган:

- НҚА жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жібереді (мерзімі: бастапқы келісу кезінде 10 жұмыс күні, қайта келісу кезінде 5 жұмыс күні);

- қорытынды (ұсыныс) алу үшін хабарламаны:

1) «Атамекен» ҰКП және сараптамалық кеңес мүшелеріне (егер НҚА жобасы жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын жағдайда);

2) қоғамдық кеңеске жібереді (НҚА жобасы азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын жағдайларда).

Ерекшелік: карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) және ТЖ жирялау бойынша НҚА жобалары;

3) «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы талап қолданылмайтын НҚА жобаларын қоспағанда, НҚА жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға жібереді.

Егер НҚА жобасы реттеуіш құралды енгізуді немесе кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды және кәсіпкерлер үшін жаңа талаптарды белгілеуді көздесе, онда Кәсіпкерлік кодексте белгіленген тәртіппен реттеушілік әсерге талдау (РӘТ) жүргізіледі.

2 кезең: НҚА жобасын Әділет органдарымен келісу (жария талқылау, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу және сараптамалық қорытындылар (ұсыныстар) алғаннан кейін).

- келісілген НҚА жобасы автоматты түрде әділет органдарына заң сараптамасына түседі.

- НҚА жобасына сараптамалық қорытындылар, Қоғамдық кеңестің ұсынысы, сараптамалық қорытындылармен және ұсыныспен келіспеу себептерін негіздей отырып жауап (бар болса), салыстырмалы кесте (бар болса), жария талқылау нәтижелері қоса беріледі.

- әділет органдары 10 жұмыс күніне дейінгі мерзімде НҚА жобасын қарастырады (қайта келісу кезінде – 5 жұмыс күніне дейін).

3 кезең: НҚА мемлекеттік тіркеу.

 - әділет органдарымен келіскен НҚА жобасы бекітілгеннен кейін 1 жұмыс күні ішінде (алқалы мемлекеттік органдар мен мәслихаттардың НҚА – 7 жұмыс күні ішінде) мемлекеттік тіркеуге жіберіледі;

    - әділет органдары 5 жұмыс күні ішінде НҚА мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады;

 - тіркелген НҚА жариялау үшін автоматты түрде НҚА эталондық бақылау Банкіне жіберіледі.

Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының НҚА әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу кезінде басшылыққа алынуы қажет негізгі НҚА

- «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

- «Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысы;

«Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 849 бұйрығы.

 

Дата публикации
08 июня 2023