Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.«Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысына:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі туралы ережеде:
14-тармақ:
мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
«11-1) ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу тәртібі мен мерзімдерін айқындау;»;
18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«18) Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Үкімет Аппараты Басшысының тапсырмасы бойынша соттарда Үкімет пен Премьер-Министрдің мүдделерін білдіру және қорғау, сондай-ақ Әділет министрлігінің құзыретіне кіретін, талқылау нысанасына айналған мәселелер бойынша Премьер-Министрдің тапсырмасымен конституциялық іс жүргізуге қатысу, мемлекеттік органдарға сот талқылауларында құқықтық және консультациялық көмек көрсету;»;
65) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«65) алименттер мен жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қабылдауға байланысты жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу тәртібін және мөлшерін белгілеу;»;
70) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«70) жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін әзірлеу және бекіту;»;
73) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 114-1), 114-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«114-1) мәдениет, жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау салаларындағы мүдделі уәкілетті органдардың келісімі бойынша туындыларды пайдаланудың кейбір түрлері үшін авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін белгілеу;
«114-2) мәдениет, жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау салаларындағы мүдделі уәкілетті органдармен келісім бойынша орындаушылар мен фонограмма жасаушыларға сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін белгілеу;»;
135) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«135) бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін құру, жүргізу және пайдалану тәртібін белгілеу;»;
мынадай мазмұндағы 135-1) тармақшамен толықтырылсын:
«135-1) сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру тәртібін белгілеу;»;
178) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«178) адвокат, заң консультанты көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық кеңес беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу тәртібі мен мөлшерін белгілеу;»;
185) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«185) заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;»;
257) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«257) саяси партия құру жөніндегі азаматтардың бастамашыл тобының, саяси партия мүшелерінің тізімдерінің дұрыстығын тексеру тәртібін айқындау;»;
мынадай мазмұндағы 258), 259), 260), 261), 262), 263), 264), 265), 266), 267), 268), 269), 270) тармақшалармен толықтырылсын:
«258) әділет органдарының цифрлық трансформациясын жүргізу;
«259) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітетін, мемлекеттік органдар қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі әдістемеге сәйкес қызметке функционалдық талдауды жүргізу;
«260) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу тәртібін айқындау;
«261) мемлекеттік органдардың үлгілік функцияларын айқындау бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу және бекіту;
«262) әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің тізбесін әзірлеу және бектіу;
«263) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу тәртібін әзірлеу және бекіту;
«264) құқықтық мониторинг жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;
«265) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлкеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;
«266) мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп ғылыми сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми құқықтық сарапшыларды іріктеу тәртібін әзірлеу және бекіту;
«267) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге елеулі үлес қосқаны үшін мемлекеттің ынталандыру тәртібін әзірлеу және бекіту;
«268) туу туралы куәліктерді ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын әзірлеу және бекіту;
«269) туу туралы куәлікті қорғауға қойылатын талаптарды әзірлеу және бекіту;
«270) заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Ә. Смайылов