«Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында тауар белгілерін құқықтық қорғау осы Заңда белгiленген тәртiпте оларды тiркеу негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тiркеусiз берiледi.
Тауар белгісінің иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзiне тиесiлi тауар белгісін пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды. (Заңның 4-бабы).
Заңның 21-бабында (барлық тауарларға (көрсетілетін қызметтерге) не олардың бір бөлiгiне қатысты тауар белгісіне айрықша құқық өзгеге беру шарты бойынша берілуi мүмкiн екендігі белгіленген.
Лицензиялық шарттың, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының немесе өзге де шарттың (лицензиялық шарт) талаптарына сәйкес иесі (лицензиат) болып табылмайтын кез келген тұлға қорғалатын тауар белгісін иесінің (лицензиар) рұқсатымен пайдалануға құқылы.
Жоғарыда көрсетілген шарттар мен қосымша келісімдер жазбаша нысанда жасалады және Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде міндетті тіркелуге жатады.
Заңның 21-бабының 6-тармағына сәйкес Жазбаша нысанның және (немесе) тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
Өнеркәсіптік меншік объектілерінің мемлекеттік тізілімдері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК сараптау ұйымының www.kazpatent.kz сайтында ашық қолжетімді.
Мүдделі адамдардың берілген өтінімдермен және тіркелген өнеркәсіптік меншік объектілерімен дербес танысу мүмкіндігі бар.
Әр түрлі өлшемшарттар бойынша (объектінің, иесінің атауы мен түрі, сондай-ақ өтінімнің немесе куәліктің тіркеу нөмірі бойынша) іздеуді сайтта теңтүпнұсқасыз немесе тіркеусіз жүргізуге болады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде «Дәмді – және Нүкте» белгілемесімен тауар белгісі тіркелмегенін атап өтеміз.
Алайда, сараптама жасау ұйымының қарауында «Система ПБО» ЖШҚ атынан берілген «Дәмді – және Нүкте» сөздер белгілемелері қамтылған тауар белгілерін тіркеуге өтінімдер бар.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (бұдан әрі-сараптама жасау ұйымы) тіркеуге берілген, орындаудың әртүрлі нұсқаларында «Дәмді – және Нүкте» сөздік элементтер қамтылған «Система ПБО» жауапкершілігі шектеулі қоғамы (Ресей Федерациясы) атынан тауар белгілерін тіркеуге өтінімдер алдын ала сараптамадан өтіп, сараптама жасау ұйымының сайтында жарияланды. Қазіргі уақытта өтінімдер толық сараптама сатысында.
Тауар таңбаларын тіркеуге берілетін барлық өтінімдерді қарау тәртібі «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқаулар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы»Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) және Селекциялық жетiстiктердің, өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiнің, тауар таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атауларының, интегралдық микросхемалар топологияларын тіркеу өтінімдеріне сараптама жасау қағидаларымен (Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 1349 бұйрығымен бекітілген) регламенттеледі.
Мәлімделген белгілемені тауар белгісі ретінде тіркеу туралы шешім толық сараптаманың нәтижелері бойынша шығарылады, ол Заңның 11-бабы 1) тармағының 2) тармақшасына сәйкес өтінім берілген күннен бастап жеті ай ішінде жүргізіледі.
Мәлімделген белгілемені тауар белгісі ретінде тіркеуге кедергі келтіретін негіздер Заңның 6 және 7-баптарында көзделген.
Сондай-ақ, 2022 жылы кез келген мүдделі тұлғаға өтінім туралы мәліметтер жарияланған күннен бастап бір ай ішінде Заңның 6 және 7-баптарында (Заңның 11-2-бабында) көзделген негіздер бойынша мәлімделген белгінілемені тауар белгісі ретінде тіркеуге қарсылық білдіруге мүмкіндік беретін тауар белгілері бойынша «оппозициялық» жүйе енгізілгенін хабарлаймыз.
Қарсылықтарды жібере алатын адамдар шеңбері шектелмеген. Бұл ұқсас тауар белгілерінің иелері немесе тауар белгісін тіркеу олардың құқықтарын бұзады деп санайтын компаниялар болуы мүмкін.
Берілген өтінімдермен сараптама жасау ұйымының сайтында мына сілтеме бойынша танысуға болады: eBulletin (kazpatent.kz).