Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 Қазақстан Республикасының

Парламент Мәжілісі

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

Қазақстан Республикасы Заңының жобасына түсіндірме жазба

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» Қазақстан халқына жолдауында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстеріне ревизия жүргізу, іс жүзінде жұмыс істемейтін немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін барлық нәрселерден арылу туралы берген тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Қылмыстық-атқару кодексін бір мезгілде түзете отырып, ҚК және ҚПК-ге ревизия, сондай-ақ оларды оңтайландыру:

- Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 17-тармағымен (Президенттің 2022 жылғы
26 қарашадағы №2 Жарлығымен бекітілген)
;

- Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 53-тармағымен (Үкіметтің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 264 қаулысымен бекітілген) көзделген.

Әділет министрлігінің базасында тығыз және үйлесімді өзара іс-қимыл жағдайында құрамына құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, соттың, ғылыми және адвокаттық қоғамдастықтың өкілдері кіретін Жобалық офис Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге ревизия және әр бап бойынша талдау жүргізді, заң жобасының негізін құрайтын, дереу шешуді талап ететін өзекті мәселелер шеңбері айқындалды.

Ревизия жүргізу сонымен қатар:

  • азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
  • іскерлік істерге және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың өзге де нысандарына өз бетінше араласу фактілеріне жол бермеуге;
  • азаматтарды қылмыстық процестің орбитасына тартуды азайта отырып, шындықты анықтау үшін қажетті рәсімдерді оңтайландыруға;
  • қылмыс жасағаны үшін санкцияларды қайта қарау, қоғамдық жұмыстарды қолдану аясын кеңейтуге бағытталды.

Жоғарыда айтылғандармен қатар ревизия шеңберінде заңнаманың тұрақтылығын, яғни ҚК мен ҚПК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жиілігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік талдамалық жұмыс жүргізбестен, белгілі бір нормалардың «жұмыс істемеу» себептерін жоюсыз, елдегі резонанстық оқиғаларға байланысты өзгерістерге ұшырайды.

Мысалы, 2014 жылғы Қылмыстық кодекске 8 жылдан аз уақыт ішінде оған әртүрлі 70 заңмен түзетулер енгізілді. ҚПК-ге – 69 заңмен.

Өз кезегінде, заңнама тұрақтылығының бұзылуы және заң шығару қызметінің сапасының болмауы құқық қолдану практикасына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау процесіне теріс әсер етеді.

Осыған байланысты заң жобасымен көрсетілген кодекстерге әртүрлі заң жобалары шеңберінде шексіз түзетулер енгізуге мүмкіндік бермейтін ерекше механизм белгіленбек.

Жалпы, заң жобасының ережелерін өзара байланысты кодификацияланған актілерді жетілдіру бөлігінде 3 блокқа бөлуге болады:

Бірінші блок ҚК-нің Жалпы және Ерекше бөліктері нормаларының институционалдық және мазмұндық мәселелерін, оның ішінде қылмыстық жазаларды тағайындау, босату және орындау тәртібін оңтайландыру, ҚК-нің Ерекше бөлігінің нормаларын нақтылау және кемшіліктерін жою, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдарын енгізу (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында және уақытша ұстау изоляторларында техникалық құралдар мен құрылғыларды заңсыз бергені, жеткізгені, сақтағаны немесе пайдаланғаны үшін; қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерін қадағалаудың, бақылаудың, күзетудің техникалық құралдарын қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін; лазерлік құрылғыларды бағыттау арқылы, сол сияқты өзге де тәсілдермен әуе кемесін басқаруға кедергі жасағаны үшін; телекоммуникация желілеріне заңсыз қосылғаны үшін, жекелеген саралаушы құрамдарды (қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, қылмыстық топпен жасау, аса ауыр зардаптарға әкеп соғу және тб.) енгізу), сондай-ақ, ҚК-тің терминдері мен ұғымдарын жалпы түзету (ішкі қайшылықтарды, қайталануларды алып тастау және т.б.) мәселелерін біріктіреді.

Екінші блок қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған, оның ішінде ҚПК-тің жекелеген институттарын түзету, бюрократия мен әуре-сарсаңды азайту үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жаңғырту, қылмыстық процесске қатысушылардың мәртебесі мен өкілеттіктерінің шеңберін қайта қарау, сондай- ақ ҚПК нормаларының ішкі сәйкессіздігі мәселелерін біріктіреді.

Үшінші блок бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды орындау тәртібін жетілдіру, оның ішінде пробация қызметтерінің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы; қылмыстық жазалардың түрлері мен тағайындау тәртібін өзгерту; сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату институтын жетілдіру; сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсарту; Үкімет пен ІІМ арасында құзыреттерді қайта бөлу; режимдік талаптар мен ҚАЖ мекемелерін күзету мәселелерін біріктіреді.

Заң жобасының мақсаты қазақстандық қоғамның конституциялық құндылықтарын қылмыстық-құқықтық қорғауды күшейту болып табылады, олардың ішіндегі ең жоғарғысы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм.

Заңның қабылдануы құқықтың үстемдігін, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының әділдік пен жауаптылықтың пропорционалдылығы қағидаттарына сәйкестігін, сондай-ақ жоғары конституциялық құндылықтар мен Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын тиімді қорғауды қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге, кейбір заңнамалық актілерді әзірленіп жатқан заң жобасына сәйкес бір мезгілде (кейіннен) келтіру қажет.

Осылайша заң жобасы:

1) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлігі);

2) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне;

3) Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодексіне;

4) Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодексіне;

5) Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексіне;

6) «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының
1994 жылғы 15 қыркүйектегі № 154-XIII Заңына;

7) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңына;

8) «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңына;

9) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңына;

10) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңына;

11) «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі Заңына;

12) «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы
6 сәуірдегі Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін айқындайды.

Заң жобасын реттеудің мәні қылмыстық жауаптылықты белгілеуге, жаза тағайындауға және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларына, үкімді орындауға байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады.

Заң жобасын іске асыру бюджеттен қаржылық шығындарды көздемейді.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                   Ә. Смайылов

ЖОБА
Дата публикации
09 января 2023