Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлары бойынша есептеу әдістемесі

Қазақстан Республикасы

Әділет министрінің

2021 жылғы «__» ________ №___ бұйрығымен бекітілген

 

  

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің                             2020-2024 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлары бойынша есептеу әдістемесі

 

  1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлары бойынша есептеу әдістемесі (бұдан әрі  –  Әдістеме)    Қазақстан    Республикасы    Үкіметінің

2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің талаптарына сәйкес әзірленді.

  1. Осы Әдістемеде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 2 шілдедегі № 557 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған даму жоспарының көрсеткіштері көрсетілген.
  2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің әкімшілік деректері және басқа мемлекеттік органдардың деректері есептеу үшін ақпарат көздері болып табылады.
  3. Бұл Әдістемеде мынадай анықтамалар қолданылады:

нормативтiк құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкiлеттi орган қабылдаған, құқық нормаларын белгiлейтiн, олардың қолданылуын өзгертетiн, толықтыратын, тоқтататын немесе тоқтата тұратын, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат;

заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлер – заңнамалық және сатысы бойынша өзге де жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiлердің негiзiнде және (немесе) оларды орындау үшін және (немесе) одан әрі іске асыру үшін шығарылатын, заңнамалық актілер болып табылмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;

заң сараптамасы – нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеру;

Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен (шет мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен (халықаралық ұйымдармен) жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім;

сот сараптамасы – шешілуі үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық істің не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарын зерттеу;

атқарушылық іс жүргізу – борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар;

мемлекет кепілдік берген заң көмегі – заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі;

адвокат - жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы.

  1. Әділет органдары жүйесінің ағымдағы даму жағдайын әділ бағалау үшін көрсеткіштердің есептеуі мынадай нысаналы индикаторлар бойынша жүргізіледі:

«Әділет министрлігі Премьер-Министр Кеңсесіне енгізген заң жобаларының ішінен заң жобасының Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеуіне байланысты Премьер-Министр Кеңсесі қайтарған заң жобаларының үлесі»;

«Әділет министрлігімен келісілген Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының, Конституциялық Кеңестің қаулылары, прокурорлық қадағалау актілері және сот шешімдерінің негізінде өзгертілген не күшін жойған актілерінің үлесі (есеп беру кезеңінде келісілген жобалардың жалпы санынан)»;

«Мемлекеттік тіркеу барысында сапасыз заң сараптамасын жүргізуге байланысты негізделген прокурорлық қадағалау актілері (наразылықтар, ұсыныстар) енгізілген Қазақстан Республикасының әділет органдарымен есеп беру кезеңінде тіркелген (есеп беру кезеңінде тіркелген НҚА жалпы санынан) нормативтік құқықтық актілердің үлесі»;

«Іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу нәтижелері бойынша алынған ұсынымдардың, нормативтік құқықтық актілерде көрініс тапқан үлесі»;

«Ғылыми құқықтық сараптамалардың ұсыныстары есепке алынған халықаралық шарттар мен халықаралық шарттар жобасының үлесі»;

«Сот сараптамасы іс жүргізу сапасының деңгейі»;

«Біліктілікті арттыру және қайта даярлаудан өткен сот сарапшылары мен орта медициналық персоналдың олардың жалпы санынан үлесі»;

«Аяқталған атқарушылық іс жүргізу жалпы санынан толық көлемде орындалған атқарушылық құжаттардың үлесі»;

«Атқарушылық іс жүргізудің орындалуындағы жалпы санынан аяқталған атқарушылық жүргізулердің үлесі»;

«Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысатын адвокаттардың үлесі»;

«Ақпараттық анықтама жүйесін қолдануымен анықтама-кеңес қызметін бағалағандардан қанағаттандырылған азаматтардың үлесі»;

«Сот шешімімен күші жойылмаған күшіне енген апелляциялық кеңес шешімдерінің үлесі».

  1. Әдістеменің 5-тармағында анықталған көрсеткіштердің есептеу тәртібі осы Әдістеменің 1-12 қосымшаларында көрсетілген.

 

 

                     ____________________________________

Дата публикации
26 августа 2021