Нотариаттық қызмет саласындағы цифрландыру
Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, заманауи өмірдің барлық салаларына интеграциялануда. Қоғамдық қатынастардың жаңа форматтарының пайда болуымен заң қызметтерін цифрландыру өзекті бола түсуде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен цифрлық технологияларды пайдалану есебінен елдің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Құқық саласында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды белсенді қолдану осы бағытта нотариат институтын одан әрі дамытудың маңыздылығын негіздейді.
Бұл ретте заң тұрғысынан маңызды мәліметтердің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың нотариаттық қызмет алу жылдамдығы мен сапасын арттыру маңызды.
Нотариустың электрондық сервистерді объективті деректермен жұмыс жасау кезінде пайдалануы нотариаттық іс-әрекет жасау мерзімін қысқартуға, сондай-ақ неғұрлым сапалы нәтиже алуға мүмкіндік береді.
Халықты сапалы нотариаттық қызметтермен және нотариустардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету, нотариаттық іс-әрекеттер туралы уақтылы және дұрыс есеп беруді қалыптастыру мақсатында 2009 жылғы 1 желтоқсанда пилоттық өңір Астана қаласында тәжірибелік пайдалануға «Е – нотариат» Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі» (бұдан әрі – БНАЖ) енгізілді.
БНАЖ жобасын әзірлеу үшін 2008-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметін» дамыту бағдарламасы негіз болды.
2010 жылғы 10 қазаннан бастап БНАЖ Қазақстан Республикасының барлық аумағында пайдалануға берілді.
Осы уақытқа дейінгі жылдардағы жұмысында БНАЖ бірыңғай мемлекеттік деректер базасын жетілдіруге үлкен үлес қосты, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен, жылжымайтын мүлік тіркелімімен және «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесімен интеграциялануының арқасында халық пен нотариустар тарапынан заңсыз нотариаттық іс-әрекеттердің санын азайтты.
Электрондық іс-әрекеттер жасау жолымен нотариаттың мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы
15 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңымен нотариат куәландырған құжаттарды сақтау үшін репозиторийдің орталықтандырылған электрондық жүйесі және нотариустың электрондық мұрағаты құрылды.
Заңда мәліметтерді беруді, оның мазмұнын, енгізілуін, сондай-ақ нотариустың және БНАЖ-ды сүйемелдеу мен жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын тұлғалардың бірқатар міндеттерін регламенттейтін БНАЖ-дың жұмыс істеуіне қойылатын талаптар қарастырылған.
Нотариустарға электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық нысанда нотариаттық іс-әрекеттер жасауға және электрондық тізілімде берілген және құжаттың қағаз нұсқасында көрсетілетін бірегей сәйкестендіру нөмірін енгізуге құқық берілген. Мұндай сәйкестендіру кодтары автоматты түрде дерекқорда тіркеледі және өзгертілмейді, жойылмайды немесе жалған жасалмайды. Осылайша тізілімдегі деректер бірегей болып табылады және бұрмаланудан қорғалған.
Жазбаша мәмілелерді қағаз жеткізгіште де, электрондық нысанда да жасау, мәмілеге электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою мүмкіндігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде заңнамалық түрде көзделген.
Осылайша Заңмен енгізілген өзгерістер нотариустың мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша электронды түрде келісім-шарттар жасасу кезінде кәсіби көмек көрсетудегі рөлін тікелей қарастырады.
Бұдан басқа, электрондық нотариаттық іс-әрекеттердің тізбесі кеңейтілді. Енді нотариустар нотариус жасаған қағаз жеткізгіштегі құжаттың электрондық құжатқа, сондай-ақ қағаз жеткізгіштегі құжаттың нотариус жасаған электрондық құжатқа баламалылығын куәландырады. Нәтижесінде бастапқы және туынды құжаттардың тең заңдық күші белгіленеді, сондай-ақ оларды тұлғаға берудің ұтқырлығы қамтамасыз етіледі.
Электрондық нотариаттың дамуының арқасында нотариусқа жүгінген кезде өтініш білдірушілер қажет емес сапарларға, пошта және курьерлермен пошта арқылы құжаттарды жіберуге, әсіресе басқа қалаға жолдау қажет болғанда, бұрынғыдай уақыт пен қаржыны жұмсамай, қызметті ыңғайлы режимде алады.
Уақыт талабын ескере отырып, нотариаттық саланы цифрландыру кәсіптің дамуына қажетті инновациялық салымды қамтамасыз ететінін және бүкіл қоғамның одан әрі гүлденуіне кепілдік беретінін сеніммен айта аламыз.