
Сот сараптамасы – шешілуі үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істің не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарын зерттеу.
Сот-сараптама қызметінің міндеті әкімшілік сот ісін жүргізуді, қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді сот сараптамасының нәтижелерімен қамтамасыз ету болып табылады.
Сот-сараптамалық қызмет заңдылық, адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, сот сарапшысының тәуелсіздігін қамтамасыз ету, зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығын, объективтілігін және ғылыми негізділігін, ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді пайдалануға жол берушілік, сондай-ақ кәсіби әдеп нормаларын қатаң сақтау принциптері бойынша жүзеге асырылады.
Сот-сараптамасын жүргізу сот-сараптамасы органдарының қызметкерлеріне және лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға тапсырылуы мүмкін.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы сот-сараптама жүйесінің мемлекеттік секторын «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Соттық сараптамалар орталығы» РМҚК-мен (бұдан әрі – Орталық, сот сараптама органы) ұсынылған. Оның құрамында ірі қалалар мен барлық облыс орталықтарында орналасқан 20 сот сараптама институты жұмыс істейді, онда 2700-ге жуық қызметкер, соның ішінде 1100-ден астам жоғары білікті соттық сарапшылар еңбек етеді.
Орталықтың филиалдарында сараптамалық мамандықтардың
60 бағытын қамтитын 31 түр бойынша сот сараптамалар жүргізіледі.
Жеке секторды лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын және Республикалық сот сарапшылары палатасының (бұдан әрі – Палата) мүшелері болып табылатын жеке тұлғалар құрайды.
Жеке сот сарапшылары сараптамалық мамандықтардың 48 бағытын қамтитын 26 түр бойынша сот сараптамалар жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында сот сарапшылары туралы өзекті мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімі орналастырылған (https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/documents/details/236348).
|
№ |
Сұрақ |
Жауап |
|
1 |
Сот сарапшысы қалай болуға болады? |
Сарапшының сот сараптамасының белгілі бір түрі саласында жоғары білімі және арнайы ғылыми білімі болуға тиіс. Заңда, сот сараптамасы органдарының қызметкерлері мен лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғалар сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына біліктілік куәлігімен расталатын сот сарапшысы біліктілігіне ие болуы, ҚР Әділет министрлігінің комиссияларымен аттестатталған болуы және ҚР Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізілуі тиіс деп айқындалған.
Сот сарапшысы біліктілігін алу үшін үміткер сот сараптамасы органдарында ұзақтығы 12 айға дейінгі арнайы кәсіптік даярлықтан өтіп, біліктілік емтиханын тапсыруы қажет. |
|
2 |
Ұсынылған мәселелер сот сараптамасының қандай түрі шеңберінде шешіледі? |
Зерттеу нысаны, объектілері, сараптамалық міндеттердің деңгейі, сондай-ақ сараптаманың белгілі бір түрі шеңберінде шешілетін үлгілік сұрақтар тізбесі “Әділет” Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде (www.adilet.gov.kz.) орналастырылған Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі № 484 бұйрығымен бекітілген Сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында айқындалған. |
|
3 |
Сот сараптамасын жүргізу кімге тапсырылуы мүмкін? |
“Сот-сараптама қызметі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 19-бабына сәйкес сот сараптамасын жүргізу: 1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне; 2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға; 3) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда біржолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығында тұруға тиіс.
3. Біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу: 1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген сот сараптамалары түрлерінің тізбесінде көзделмеген сот сараптамасы тағайындалған; 2) сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын тиісті мамандықтағы сот сарапшыларынан, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдардан уәжді уәжді бас тарту қанағаттандырылған не сот сараптамасы органы тұтастай сот сараптамасын жүргізуден уәжді шеттетілген 3) осы Заңның 62-бабына сәйкес шет мемлекеттiң сот сарапшысы тартылған жағдайларда тапсырылуы мүмкiн. |
|
4 |
Зерттеу объектілерінің анықтығы мен жол берілетіндігіне кім жауап береді? |
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ҚПК) 280–бабының 2–тармағына және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР АПК) 87-бабының 3-тармағына сәйкес сараптамалық зерттеу объектілерінің анықтығы мен жол берілетіндігіне сараптаманы тағайындаған орган (адам) кепілдік береді. |
|
5 |
Сарапшы қорытындысының көшірмесін қалай алуға болады? |
ҚР ҚПК 276-бабына, ҚР АПК 87-бабына және “Сот-сараптама қызметі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 18-бабына сәйкес сот сараптамасы органының басшысы сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
Сарапшының қорытындысы, зерттеу объектілері және зерттеуге ұсынылған басқа да материалдар сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жіберіледі.
ҚР ҚПК-нің 286-бабына және ҚР АПК-нің 46-бабына сәйкес іске қатысушы адамдардың іс материалдарымен танысуға құқығы бар. Осыған байланысты сарапшы қорытындысының көшірмесімен сараптаманы тағайындаған органға жүгіну арқылы танысуға болады. |