Атқарушылық өндірісті қамтамасыз етуде қолданылатын тыйым салу шаралары
Атқарушылық іс жүргізу сот актілерін, мемлекеттік органдардьң актілерін мәжбүрлі түрде орындаудың процессуалдық тәртібі ретінде айқындалады. Бұл органдар заңмен белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде қатысушыларына басқа қатысушыларға (азаматтарға, ұйымдарға) ақша қаражатын және өзге мүлікті беру міндетін жүктеуге не олардың пайдасына белгілі бір әрекеттер жасауға құқылы немесе осы әрекеттерден қалыс қалуға құқылы қатынастарды айтады.
Сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану үшін негіз болып табылады. Атқарушылық өндірістің толық орындалуы мақсатында Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының 32-бабында көзделген шаралар сот орындаушысымен қабылдануға міндетті. Атап айтқанда, борышкердiң өзiндегi не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы (банктердi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарды, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарын қоспағанда) ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, мүлкiне тыйым салу; борышкердiң банктердегi, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы мен мүлкiне тыйым салу; борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымалы мүлкін алып қою; борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымайтын мүлкiн алып қою; борышкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу, оның ішінде заңды тұлға органдарына шешімдер қабылдауға тыйым салу, сол сияқты заңды тұлғаның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, мүліктік және мүліктік емес құқықтарын, бағалы қағаздарын және жарғылық капитал мен мүліктегі үлестерін иеліктен шығару жөнінде қабылданған шешімдердің қолданылуын тоқтата тұру; борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi, оның iшiнде ақшаны пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру; борышкер мүлкiне сүргi салу; құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою; басқа адамдардың борышкерге мүлiк, оның iшiнде ақша беруiне немесе оған қатысты өзге де іс-әрекеттерді орындауына тыйым салу.
Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрi қолданылуы мүмкiн. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзу тараптарының арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқасымен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын тоқтата тұрмайды. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру, кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде бұрын белгіленген шаралардың күшін жоюға әкеп соқпайды.
Сондай-ақ сот орындаушысы борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлғаның басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан кетуіне уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға (бұдан әрі - кетуге тыйым салу) міндетті:
1) үш айдан астам мерзімдік төлемдерді, мысалы, алименттерді өндіріп алу туралы атқару құжатының талаптары;
2)40 АЕК-ке тең не одан асатын сомаға атқарушылық құжаттың талаптары.
Сот орындаушысының ҚР аумағынан шығуға тыйым салу туралы қаулысына сот санкция береді. Шетелге шығуға тыйым салу борышкерге осындай шараның қолданылғаны туралы тиісті хабарланған күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін қолданылады және ҚР ҰҚК Шекара қызметіне жіберіледі.
Бұл ретте Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде емдеу жүргізу қажет болған жағдайда шығуға тыйым салу тоқтатыла тұруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн, ол үшін сот орындаушысы сот санкциялауға жататын қаулы шығарады.
Сот орындаушысының борышкерге сот шешімін мәжбүрлеп орындатуының тағы бір жолы - борышкер атқарушылық құжатты дәлелді себептерсіз орындамаған кезде лицензиялар, рұқсаттар мен арнайы құқықтарды беру және қолдану саласындағы уақытша шектеулер болып табылады:
1) жеке тұлғадан 250 АЕК-тен астам соманы өндіріп алу туралы;
2) заңды тұлғадан 1250 АЕК астам соманы өндіріп алу туралы;
3) орындау мерзімі өткеннен кейін мүліктік емес сипаттағы талаптарды орындау туралы (2-6 ай);
4)берешек қалыптасқан жағдайда алимент өндіріп алу туралы.
Мұндай жағдайларда сот орындаушысы сотқа борышкерге лицензия, рұқсат және арнайы құқықтар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру туралы ұсыныс жібереді. Мысалы, жүргізуші куәлігін шектеу тәжірибесі өте кең таралған.
Сот орындаушысының ұсынымын қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот ұйғарымының көшірмелері борышкерге және орындау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберіледі.
Сот орындаушысы атқарушылық құжаттың талаптары орындалған күннен кейінгі күннен кешіктірмей немесе лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беру және олардың қолданылуы саласында уақытша шектеуді алып тастау үшін негіздер туындаған күннен кешіктірмей осы шектеуді алып тастау туралы қаулы шығарады. Көрсетілген қаулының көшірмелері орындау үшін борышкерге, өндіріп алушыға және тиісті уәкілетті органдарға дереу жіберіледі.
Борышкер сот орындаушысының талабы бойынша оған өзінің бар мүлкі туралы ақпарат беруге, табыс көздері туралы, сондай-ақ оған тиесілі барлық мүліктік талаптардың бар-жоғы туралы мәліметтерді хабарлауға міндетті.
Жоғарыда көрсетілген мәліметтерді беруден бас тарту не көрінеу жалған мәліметтерді ұсыну атқарушылық құжаттың орындалмауы болып табылады және тиісті санкцияға әкеп соғады.
Аталмыш тыйым салу шаралары сот шешімдері жәнеде өзге де атқару құжаттары толыққанды орындалғаннан кейін алынуға жатады.
Қанатұлы Ж.
Мемлекеттік сот орындаушы