Түркістан облысының Әділет департаментінің қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі туралы ЕРЕЖЕ

Түркістан облысының

Әділет департаменті басшысының

2021 жылғы 25 қазандағы

№618-н бұйрығының    

2-қосымшасымен бекітілді

 

 

Түркістан облысының Әділет департаментінің

қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі туралы

ЕРЕЖЕ

 

1.Жалпы ережелер

 

  1. Қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі (әрі қарай– бөлім) республикалық бюджеттің атқарылуы, бухгалтерлік есепті, бюджеттік және қаржылық есепті орындау бойынша бюджеттік есептілікті жүргізу саласында қызметтерді жүзеге асыратын Түркістан облысының Әділет департаментінің құрылымдық бөлімі болып табылады.
  2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Әкімшілік рәсімдік-процестік», Бюджет және Салық Кодекстерін, Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарын, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 7 қыркүйектегі №444 «Есеп саясатын бекіту туралы» бұйрығын, 2010 жылғы 03 тамызындағы Қаржы министрінің «Мемлекеттiк мекемелерде бухгалтерлiк есеп жүргiзу Ережесiн бекiту туралы» №393 бұйрығын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің бұйрықтары мен нұсқауларын және Түркістан облысының Әділет департаментінің Ережесін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
  3. Бөлімнің құрылымы мен штат саны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен, яғни Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен бекітіледі.
  4. Бөлімнің құрамы: 1 бірлік бөлім басшысы, 4 бірлік бас маман.

 

            2.Бөлімнің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

 

  1. Негізгі міндеттері:

5.1.Міндет: Бюджет Кодексінің және тиісті кезеңге арналған «Республикалық бюджет туралы» Заңының және басқа да нормативтік құқықтық актілер шеңберінде бюджеттік саясатты іске асыру:

Функциялар:      

1) Әділет департаментінің бюджеттік өтініміне құрылымдық бөлімшелердің және ведомстволық бағынысты мекемелердің ұсыныстарын қарау;

2) Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жиынтық бюджетке есептер және негіздемелер әзірлеу, алдағы кезеңдерге арналған бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

3) Бес жылдық кезеңге белгіленген стратегиялық, әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын есепке ала отырып, әділет жүйесі бойынша басым бағыттардағы бюджет қаражаттарын жұмсауға ұсыныстар дайындау;

4) Басым бюджет бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізіміне ұсыныстар енгізу;

5) Өткен қаржылық жылдардағы бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуының мониторингі және бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып, әділет департаментінің бюджеттік бағдарламаларын әзірлеу;

6) Бюджетті нақтылау бойынша құрылымдық бөлімшелердің және ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің ұсыныстарын қарау. Оны өткізудің мақсатқа сай болуы туралы шешім қабылданған жағдайда бюджеттік заңнама талаптарын сақтай отырып, барлық қажетті құжаттарды дайындау.

5.2.Міндет: Әділет департаментін қаржылық қамтамасыз ету, сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шегінде әділет департаментін ұстауға қаражат сұрау:

Функциялар:      

1) Әділет департаментінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларын және олардың есептерін құрастырудың дұрыстығын бақылау;

2) Міндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын әзірлеу және оларды бекітуге ұсыну;

3) Міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын өзгертуге өтінімді және қаржыландырудың жеке жоспарларына өзгерістер енгізуге ұсыныс жасау.

5.3.Міндет: Бюджеттік бағдарламаларға экономикалық талдау жасау, мониторинг және тиімділігін бағалау:

Функциялар:      

1) Бюджет бағдарламаларының іске асырылуына мониторинг жасау, оны талдау және бағалау;

2) Бөлім құзыретінің шеңберінде әділет департаментінің бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалауды жинақтау;

3) Әділет департаментінің даму жоспарларын қарау;

4) Әділет департаментінің даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді қарау, қаржы-шаруашылық қызметі көрсеткіштерінің орындалуын талдау;

5) Құрылымдық бөлімшелердің, ведомстволық бағынысты мекемелердің және ұйымдардың қаржылық қызметіне қатысты мәселелерді келісу.

5.4.Міндет:  Әділет департаменті мекемелерінің қаржылық жағдайы, қызмет нәтижелері туралы толық және анық ақпаратпен қамтамасыз ету:

Функциялар:      

1) Бюджеттік қаражат және ағымдағы шоттар бойынша қаржыландыру жоспарларының орындалуы және әділет департаменті бойынша қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы тоқсандық және жылдық есептерін жасауды және Әділет министрлігіне ұсынуды жүзеге асыру;

2) Қаржылық, бюджеттік және өзге де есеп нысандарын белгіленген мерзімде дайындау және ұсыну;

3) Әділет департаментінің бухгалтерлік есебін, қаржыландыру жоспарының орындалуын ұйымдастыру және жүргізу;

4) Әділет департаменті мен ведомстволық бағынысты мекемелерді ұстауға бөлінген материалдық-техникалық және ақша қаражатын тиімді және мақсатты жұмсауды қамтамасыз ету;

5) Ақшаны, есептерді және материалдық құндылықтарды түгендеуді өткізуге қатысу, түгендеу нәтижелерін уақытылы және дұрыс анықтау және оларды есепте көрсету;

6) «Клиент К» бухгалтерлік бағдарламасы көмегімен есеп тізілімдерін  өңдеу, электрондық төлем құжаттарын рәсімдеу және тексеру;

7) Активтер, қымбат емес және тез тозатын заттар мен өзге де материалдық құндылықтарды олардың сақталатын және пайдаланатын жерінде сақталуын бақылауды жүзеге асыру.

5.5.Міндет: Әділет департаментінің жеке қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат шеңберінде мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру:

Функциялар:      

1) Тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік сатып алулар бойынша қаржыландыру жоспарының орындалу процесінде туындайтын рәсімдерді өткізу;

2) Әділет департаменті бойынша мемлекеттік сатып алулар жоспарын дайындау.

5.6.Міндет: Әділет департаментінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету және белгіленген тәртіпте Әділет департаментінің теңгеріміндегі автокөлікті және өзге де техниканы, ғимараттар мен құрылыстарды күтіп ұстау және пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыру:

Функциялар:

1) Әділет департаменті мен ведомстволық бағынысты мекемелерді ұстау және көлікпен қамтамасыз ету;

2) Әділет департаменті мен ведомстволық бағынысты мекемелеріне қажетті кеңсе жабдықтарына және басқа да басқа заттарға сұранысын қамтамасыз ету;

3) Көлiк құралдарын техникалық тексеруді жүргізу және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;

4) Әділет департаменті теңгерімінде бекітілген үй-жайларды, шаруашылық құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және басқа да құралдарды ұстау, қызмет көрсету, жөндеу және тиісті дәрежедегі жай-күйінде ұстау;

5) Әділет департаментінің теңгеріміндегі ғимараттарды, қызметтік үй-жайларды, көлік құралдарын, мүлікті қорғауды ұйымдастыру.

5.7.Міндет:  Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өзге де міндеттер:

Функциялар:

1)  Әділет департаменті және ведомстволық бағынысты мекемелер бойынша штат саны лимитін бөлуді Министрмен келісуге ұсыныс жасау;

2) Ведомстволық бағынысты мекемелерді қоса алғанда, әділет департаментінің штат кестесін құрастырып әділет департаменті басшысына бекітуге ұсыну;

3) Әділет департаменті мен ведомстволық бағынысты мекемелердің мемлекеттік және штаттан тыс қызметкерлеріне сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн белгілеу мәселесін қарау;

4) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өтініштерді және шығымдарды қарау;

5) Өз құзыретінің шегінде бюджет заңнамасын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру мен насихаттауға қатысу;

6) Заңнамамен оған жүктелген өзге де функциялар.

 

  1. 6. Бөлімнің құқықтары:

Бөлім өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) Міндеттер мен функцияларды жүзеге асыруға қажетті құжаттар, соның ішінде қаржылық құжаттар, анықтамалар, есептер, мемлекеттік сатып алулар бойынша ақпарат және басқа да материалдарды сұрауға және алуға, сондай-ақ шоттар бойынша қаржы операцияларын тоқтатуға;

2) Өз құзыретінің шегінде құрылымдық бөлімшелерге, ведомстволық бағынысты мекемелерге орындалуға міндетті нұсқаулар беруге;

3) Департамент және ведомстволық бағынысты мекемелер қызметкерлерінің Қазақстан Республикасында біліктілігін арттыру бойынша ұсыныстар енгізуге;

4) Берiлген құқықтар шегiнде материалдық-техникалық ресурстарды сатып алу және бөлу бойынша ұсыныстар енгізуге;

5) Бөлімге жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыру үшін әділет департаменті құзыреті шегінде өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.

 

  1. Бөлімнің қызметін ұйымдастыру

 

  1. Бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.
  2. Бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындайтын және қызметтен босатылатын басшысы басқарады.
  3. Бөлім басшысы бөлімнің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.
  4. Бөлімнің басшысы департамент басшысына бөлімге құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.
  5. Бөлім осы мақсатта:

1) Өз қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) Бөлімнің қызметіне қатысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, департамент басшысының тапсырмаларының сапалы және уақытылы орындалуын, орындаушылық және еңбек тәртіптерін сақталуын қамтамасыз етеді;

3) Бөлімнің қызметкерлерін марапаттау мен жауапкершілікке тарту, сондай-ақ ауыстыру бойынша ұсыныстар енгізеді;

4) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

  1. Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бөлімнің атынан басқа бөлімдерге жіберілетін құжаттарға бөлім басшысы, ал ол болмаған жағдайда, оны алмастыратын адам қол қояды.
  2. Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға құрылымдық бөлімшенің басшысы, ал ол болмаған жағдайда, оны алмастыратын адам қол қояды.

 

  _______________________

 

Дата публикации
30 ноября 2021