«Заңды түлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР Заңының 11б.(Заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттік тiркеу)
Тарату негiзi бойынша заңды тұлға қызметiнің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін:
1) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш;
2) заңды тұлға мүлкiнің меншiк иесiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның не бұған құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының заңды тұлға мөрiмен бекемделген шешiмi ұсынылады. Егер заңды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылған жағдайда, құжаттарды мөрмен бекемдеу талап етілмейді;
3) заңды тұлғаның таратылуы, кредиторлардың талаптарды мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы ақпараттың Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланғанын растайтын құжат;
4) алып тасталды - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (02.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);
5) заңды тұлғаның мөрiн (ол болған кезде) жою туралы құжат;
6) коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркегені үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат;
Заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш тiркеушi органға заңды тұлғаның таратылғаны туралы ақпарат жарияланған күннен бастап кемінде екі ай өткен соң ұсынылады.
Сот заңды тұлғаға қатысты оны мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарған заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу заңды күшіне енген осындай шешім негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кіріс органдары қызметін тоқтататын заңды тұлға бойынша Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмінің мәліметтері негізінде, есепке алу мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсынады не мұндай заңды тұлға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен міндеттемелерді орындамаған жағдайда берешегі туралы аталған мәліметтерді ұсынудан бас тартады.
Егер тексеру процесінде тарату тәртібінің бұзылуы анықталмаса, тіркеуші орган заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш қажетті құжаттарымен қоса берілген күннен кейінгі бес жұмыс күні ішінде заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын тіркейді. Табиғи монополия субъектiсi қызметiнiң тоқтатылуын мемлекеттік тiркеудi тiркеушi орган табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның алдын ала келiсiмiмен жүзеге асырады.
Заңды тұлғаны тарату тәртібін бұзушылықтар анықталған кезде, сондай-ақ таратылатын заңды тұлғаның есептік тіркеуден шығарылмаған филиалдары (өкілдіктері) болған, есепке алу мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін берешегі болған не мемлекеттік кіріс органдары берешегі туралы көрсетілген мәліметтерді ұсынудан бас тартқан, мұндай заңды тұлға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалған тәртіппен міндеттемелерді орындамаған жағдайларда, тіркеуші орган заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім шығарады.
Заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлгеннен кейiн есептеледi.
Бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген: бизнес-сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен тіркеуші органға өтініш жасамаған; мемлекеттік кіріс органдарында салық төлеушілер ретінде тіркелмеген кезде заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметі мәжбүрлі тәртіппен тоқтатылуға жатады. Қызметті мәжбүрлі тәртіппен тоқтату заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі. Заңды тұлғаларды Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тастау соттың заңды күшіне енген, мәжбүрлеп тарату туралы шешімінің негізінде жүргізіледі.