«Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талап етудің күшін жоятын конвенция (Гаага, 1961 жылғы 5 қазан) ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуірдегі № 545 қаулысымен «Апостиль қоюдың бірыңғай қағидалары» бекітілді.
Апостиль құжатқа қол қойған адамның қолын және оның өкілеттіктерін, сондай-ақ осы қағаз немесе электрондық нысандағы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңбаны білдіреді.
Апостиль прокуратурадан, соттың хатшысынан немесе соттың атқарушысынан шығатын құжаттарды қоса алғанда мемлекеттің құзырына бағынатын органнан немесе лауазымды тұлғадан шығатын құжаттарына; әкiмшiлiк құжаттарына; нотариалдық актiлеріне; тiркеу туралы белгi сияқты ресми белгiлер; белгiлi бiр күндi растайтын визалар; нотариуста расталмаған құжаттағы қолды растау қойылады.
Конвенцияға (Гаага, 1961 жылғы 5 қазан) қатысушы мемлекеттер аумағында жасалған, Конвенция талаптарына сәйкес апостиль қойылған ресми құжаттар Қазақстан Республикасы аумағында қосымша заңдастырусыз танылады.