"Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" ҚР Заңының 33-бабына сәйкес құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюды тіркеуші орган заңды күшіне енген сот актілерінің негізінде жүзеге асырады.
Әдетте, жылжымайтын мүлікке құқықтардың(ауыртпалықтардың) туындауына, өзгеруіне және тоқтатылуына бағытталған мәмілені жарамсыз деп тану туралы сот актісі құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюға негіз болып табылады. Сондай-ақ сот басқа да құқық белгілейтін құжаттарды жарамсыз деп тануы мүмкін.
Мәміле жарамсыз деп танылған кезде тіркелген құқықтар туралы жазбалардың күшін жою жүзеге асырылады, өйткені мәміле жасалған сәттен бастап құқықтар (құқықтар ауыртпалығы) пайда болған деп есептелмейді.
Осылайша, құқық белгілейтін құжатты жарамсыз деп тану туралы сот актісінің негізінде тіркеуші орган Құқықтық кадастрдағы жазбалардың күшін жою қағидаларына сәйкес оны тіркеу туралы жазбаның күшін жоюға міндетті.
Ауыртпалықтар болған кезде жылжымайтын мүлікке құқықтың туындауын тіркеу туралы жазба жойылған жағдайда, тіркеуші орган сот актісі келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде кепіл ұстаушыны немесе шешімі бойынша шектеу қойылған тиісті уәкілетті органды құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның жойылғаны туралы хабардар етуге тиіс.
Осыған байланысты, құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазба жойылған жағдайда, өтінішті жалпы тәртіппен беру талап етілмейді және тіркеуші орган заңды күшіне енген сот актісі кеңсеге келіп түскен кезде оны тіркеу парағындағы жазбаны жою жолымен орындауға тиіс.