Қоғамдық бірлестікті мемлекеттік тіркеу кезінде қажетті құжаттар пакеті:
- құрылтай съезінде (конференциясында, жиналысында) қабылдаған жарғы;
- жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференциясының, жиналысының) съездің (конференцияның, жиналыстың) төрағасы мен хатшысы қол қойылған хаттамасы;
- тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), ЖСН, тұрғылықты жерін, үй және қызметтік телефондарын, жеке қолын көрсете отырып, қоғамдық бірлестіктің бастамашы-азаматтарының тізімі;
- қоғамдық бірлестіктің орналасқан жерін растайтын құжат;
- заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу үшін бюджетке алым төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат. Төлем салық салу объектісінің тіркелген жері бойынша тиісті құжаттар берілгенге дейін төленеді. Тіркеу алымының сомасы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептеледі.
Қоғамдық бірлестіктің филиалын (өкілдігін) есептік тіркеу үшін:
- Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш. Өтінішке филиалды (өкілдікті) құратын заңды тұлға уәкілеттік берген тұлға қол қояды және заңды тұлғаның мөрімен бекітіледі.
- заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеу үшін бюджетке тіркеу алымының төленгенін растайтын құжат.
- заңды тұлға бекіткен қазақ және орыс тілдерінде екі данада филиал (өкілдік) туралы ереже,
- жарғының (ереженің) көшірмесі және заңды тұлғаның (қоғамдық және діни бірлестіктерді қоспағанда) филиал (өкілдік) басшысына берілген сенімхаты.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі: қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берілген күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей.
Жұмыс кестесі – Мемлекеттік корпорацияның құжаттарды қабылдау және беру жөніндегі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жексенбі және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда, үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.