Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік бақылау саласындағы жаңашылдықтар туралы АҚПАРАТ

Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік бақылау саласындағы жаңашылдықтар туралы

 

2025 жылдың 1 қаңтарынан әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді шығару, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы саласындағы мемлекеттік бақылау функциясымен толықтырылды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен 2024 жылғы 6 сәуірде «Әділет органдары туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын НҚА басып шығару, мемлекеттік тіркеу және жою мәселелерін реттейтін заңнаманың сақталуын бақылау бөлігінде бірқатар өзгерістер енгізілді.

Мәселен, Заңның 18-бабының 1-1) тармақшасына редакциялық сипаттағы түзету енгізілді, онда «бақылау» сөзі «мемлекеттік бақылау» деген сөздермен ауыстырылды, сондай-ақ «әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын НҚА-дышығаруды, мемлекеттік тіркеуді және олардың күшін жоюды реттейтін» деген сөздер «әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын НҚА-ды шығару, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою мәселелерін реттейтін» деген сөздермен ауыстырылды.

Заңның негізгі жаңалығы 22-2 және 23-1-баптарымен толықтыру болып табылады, яғниорталық мемлекеттiк органдар мен олардың ведомстволарының, мәслихаттар мен олардың аппараттарының, әкімдіктердің, әкім аппараттарында,  облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларында әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын НҚА-ды шығару, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау саласында мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі айқындалған.

Сонымен, мемлекеттік бақылауды әділет органдары тексеру субъектілеріне бару арқылы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер нысанында жүргізеді.

Әділет министрлігі Заңның 18-бабының 1-1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдарда, аумақтық әділет органдары- жергілікті атқарушы және өкілді органдарда, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларында жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді жүзеге асырады.

Тексерулердің мақсаты: лауазымды адамның «Құқықтық актілер туралы» Заңының 35-1-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын НҚА заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде осындай тіркеуге ұсынбау фактілерін анықтау және болғызбау; Заңның 18-бабының 1-1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының күші жойылған, сот жарамсыз деп таныған не қолданысы тоқтатыла тұрған, сондай-ақ әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген не белгіленген тәртіппен жарияланбаған НҚА заңсыз қолдану фактілерін анықтау және алдын алу, сондай-ақ НҚА мемлекеттік тіркеу саласында сапаны қамтамасыз ету және заңдылық режимін күшейту бойынша әдістемелік көмек көрсетуболып табылады.

Бақылау субъектілерін жоспарлы тексерулердің кезеңділігі әділет органының бірінші басшысы (не оның міндетін атқарушы адам)бекітетін жоспарлы тексерулер жүргізу жоспарына және тексеруді тағайындау туралы актіге сәйкес үш жылда бір реттен аспауға тиіс.

Бұл ретте жоспарлы тексерулер жүргізу жоспары жоспарлы тексеру жүргізу туралы хабарлама болып табылады және тексеру жүргізу жылының алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылады.

Жоспардан тыс тексерулер әділет органдарының бастамасы бойынша НҚА мемлекеттік тіркеу саласындағы заңнаманың бұзылуын тікелей анықталғанда, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардан, БАҚ-нан осындай бұзушылықтар туралы ақпарат алынған кезде немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмалары бойынша жүргізіледі.

Әділет органы бақылау субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталғаны туралы ол басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып хабарлайды.

Тексеру мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, қойылған міндеттер және тексеру жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдардың құрамы ескеріле отырып белгіленеді, бірақ отыз жұмыс күнінен аспайды.

Тексеру қорытындысы - анықталған бұзушылықтарды жою және жұмысты жақсарту бойынша нұсқаулары бар тексеру нәтижелері туралы акт болып табылады.

Тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы электрондық нысанда өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға тапсырылады, екінші данасы қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда бақылау субъектісінің бірінші басшысына не оның уәкілетті адамына танысу және қол қою үшін беріледі, үшінші данасы әділет органында қалады.

Тексеру нәтижелері туралы актімен келіспеген жағдайда бақылау субъектісі акт табыс етілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде қарсылықты жіберуге құқылы. Әділет органының лауазымды адамы бақылау субъектісінің қарсылықтарын қарауға және отыз жұмыс күні ішінде дәлелді жауап беруге тиіс.

Сонымен қатар, тексеру барысында жасалғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген бұзушылықтар анықталған жағдайда, тексеру жүргізуге уәкілетті лауазымды адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасыныңкодексінде белгіленген тәртіппен дереу әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды.

Тексеру нәтижелері туралы актіге қол қойған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген бұзушылықтарды жоюға тиіс.

Бақылау субъектісі бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймаған жағдайда, әділет органы Заңның 14-бабына сәйкес бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізеді.

Сонымен қатар, егер тексерулерді әділет органы тексерулер жүргізу бойынша белгіленген талаптарды бұза отырып жүргізсе, тексерулер жарамсыз деп танылады.

 

 

Шымкент қаласының

Әділет департаментінің

Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің басшысы

Н.Муслимова

Дата публикации
27 мая 2021