«Баланың тууын мемлекеттік тіркеуі бойынша түсіндіру»
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауының іске асыру бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен 12.12.2017 жылы №827 «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп бекітілді.
Осы бағдарламамен мемлекеттік органдардың қызметтерін цифрландыру бойынша өршіл мақсаттар қойылды.
Мемлекет ақпараттандырудың алдыңғы кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тікелей немесе жанама түрде араласатын мемлекеттік органдардың базалық инфрақұрылымы мен ақпараттық жүйелері түрінде Қазақстан Республикасының «Электрондық Үкіметін» құрды.
Осыған орай, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының барлық аумағында азаматтық хал актілерін тіркеуге электронды портал (www.egov.kz) арқылы жіберуге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 25 қарашадағы № 272-VІ ҚРЗ Заңымен Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Демек, баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс.
Ал бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті береді.
Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.
Мемлекеттік қызметті алу үшін баланың ата-анасының электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш берушінің таңдауы бойынша проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жүзеге асырылған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті ұсыну талап етілмейді.
Яғни, туу туралы мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылатын /медициналық ұйым берген дәрігерлік анықтамалар және соттың заңды күшіне енген шешімі/ акт жазбаларын мемлекеттік тіркеуге арналған ақпараттық жүйеге электрондық түрде келіп түседі.
Одан бөлек, тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.
Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: –ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: –ұлы, -қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады. Жеке адамның тегіне "тегі", "ұрпағы", "немересі", "шөбересі", "келіні" деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді.
Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты жазылмайды.
Шымкент қаласының әділет департаментінің Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маман А.Кадирова