«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39 бабына сәйкес кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға көппәтерлі тұрғын үй пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің кемінде екеуінен жазбаша өтініш ұсынылады.
Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде тіркеуші орган "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құқықтық кадастрға мәліметтер енгізеді.
Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Интернет желісі арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізілуі мүмкін.
Егер кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде құқықтық кадастрда жер учаскесіне құқықты тіркеу туралы мәліметтер болмаса, тіркеуші орган мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен жер учаскесі туралы мәліметтерді енгізеді.
Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жер учаскесі туралы мәліметтер болмаған кезде тіркеуші орган жергілікті атқарушы органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскесіне құқықтарды ресімдеу туралы хабарлама жібереді.
Көппәтерлі тұрғын үй пәтерлері жалпы алаңының және тұрғын емес үй-жайлары алаңдарының өзгеруі нәтижесінде кондоминиум объектісі ортақ мүлкі құрамының және (немесе) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің үлестері мөлшерінің өзгеруі мемлекеттік тіркеуге жатады.
Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.