Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) лицензияны алуға немесе қайта ресімдеуге www.adіlet.gov.kz www.elіcense.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі - ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес "Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі - Стандарт) 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жолдайды.
Көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет "Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет жиынтығында "бір өтініш" қағидаты бойынша көрсетіледі.
Лицензияны қайта ресімдеу көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) өзгерген жағдайда жүзеге асырылады.
"Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметті (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен көрсету нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптардың тізбесі Стандартта келтірілген.
Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжаты, лицензиясы, соттылығының бар не жоқ екендігі және наркологта және психиатрда диспансерлік есепте тұрғандығы/тұрмағандығы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.
Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі лицензияны алуға немесе қайта ресімдеуге құжаттар келіп түскен күні оларды тіркейді және жауапты орындаушыға орындауға береді.
Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға арналған өтінішті тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті берушінің жауапты орындаушысы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін құжаттарды қабылдаған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынылған құжаттар толық болмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде негіздеме мен себептерін көрсете отырып, өтінішті қабылдаудан дәлелді бас тарту береді және көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жібереді.
Лицензияны алуға ұсынылған құжаттар толық болған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші 12 (он екі) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 20 бұйрығымен бекітілген біліктілік талаптарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10270 болып тіркелген) сәйкестігін тексереді.
Көрсетілетін қызметті алушының ұсынған құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде мемлекеттік қызмет 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия немесе көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберілген көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы лицензияны беруден бас тарту туралы дәлелді жауап немесе қайта рәсімдеу болып табылады.
Көрсетілетін қызметті алушы қайта ресімдеу туралы өтінішті көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжатты ауыстырған сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде береді.
Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.