Адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен Адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамның (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың аумақтық әдiлет органдары жанында құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарды аттестаттау жөнiндегi комиссияға (бұдан әрі-Комиссия) www.egov.kz, www.elicense.kz "электрондық үкiмет" веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі - ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес "Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі-Стандарт) 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жолдайды.
Көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет "Адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет жиынтығында "бір өтініш" қағидаты бойынша көрсетіледі.
"Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметті (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әділет департаменттері (бұдан әрі - көрсетілетін қызметтерді беруші) көрсетеді.
Процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен көрсету нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптардың тізбесі Стандартта келтірілген.
Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжаты, лицензиясы, соттылығының бар не жоқ екендігі және наркологта және психиатрда диспансерлік есепте тұрғандығы/тұрмағандығы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының келісімін алады.
Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күні оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе портал арқылы жіберіледі.
Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде, еңбек заңнамасына сәйкес өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда дәлелді бас тартуды дайындайды.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші құжаттардың Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 20 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10270 болып тіркелген) бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді және Комиссияның қарауына береді.
Көрсетілетін қызметті алушының аттестаттауға жіберу туралы құжаттарын Комиссия 11 (он бір) күнтізбелік күн ішінде қарайды.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адам өтініш берген кезде аттестаттау өткізілетін орнын және тілін (қазақ немесе орыс) айқындайды.
Егер, көрсетілетін қызметті алушы "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 32-бабының талаптарына сәйкес келмесе, аттестаттауға жіберуден бас тартылады.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыны мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша позициясын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабардар етеді.
Алдын ала шешім бойынша көрсетілетін қызметті алушының қарсылығын көрсетілетін қызметті беруші оны алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Тыңдау нәтижелері бойынша комиссия үміткерді аттестаттауға жіберу не жіберуден бас тарту туралы дәлелді шешім шығарады.
Көрсетілетін қызметті беруші аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді өтініш келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күннен кешіктірмей жібереді.
Аттестаттауға жіберілген көрсетілетін қызметті алушыны көрсетілетін қызметті беруші аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы ұялы телефонға смс-хабарлама беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" оны өткізгенге дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей хабарлайды.
Аттестаттаудан өткізу мерзімін өтініш пен аттестаттаудан өту күні негізінде ұсынылған құжаттарды есепке ала отырып, "Е-лицензиялау" ақпараттық жүйесінің мемлекеттік деректер базасы автоматты түрде анықтайды.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себептерін жойған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидаларда көзделген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қайта жүгіне алады.
Комиссияның жұмыс органы аумақтық әділет органы болып табылады.
Комиссия жеті мүшеден, оның ішінде кандидатураларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың адвокаттар алқалары мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) айқындайтын үш адвокаттан, әдiлет органдарының екi өкiлiнен, құқықтанушы ғалымнан және мәслихат депутатынан тұрады.
Құқықтанушы ғалымның кандидатурасын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында жоғары бiлiм берудiң оқу бағдарламаларын iске асыратын жоғары оқу орындары ұсынады.
Мәслихат депутатының кандидатурасын облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәслихаттары ұсынады.
Комиссия мүшелерiнiң бiрi оның құрамынан шыққан жағдайда, ол шыққан күнiнен бастап жаңа мүшесi бiр айдан кешiктiрiлмей құрамға енгiзiледi.
Көрсетілетін қызметті берушінің бірінші басшысы немесе оның міндетін атқарушы тұлға Комиссия төрағасы болып табылады.
Комиссия қызметін ұйымдастыру үшін көрсетілетін қызметті беруші қызметкерлер арасынан Комиссия хатшысын тағайындайды.
Комиссия хатшысы Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады және отырыс хаттамаларын ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
Комиссия құрамы Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес бекітіледі.
Заңның 39-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша адамдар аттестаттаудан өтуден босатылады.
Аттестаттауға жіберілген үміткерлердің тізімі оны өткізгенге дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурстарында орналастырылады.
Комиссия отырысына келген кезде үміткердің өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжаты не цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) цифрлық жеке куәлігі болуы қажет.
Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және адвокаттық қызметті жүзеге асыруға психологиялық дайындығын кешенді компьютерлік тестілеу;
2) қажетті көздерді пайдалана отырып, істің мән-жайларын талдау бойынша практикалық тапсырма кезеңдерінен тұрады.
Тестiлерге енгiзiлуi тиiс сұрақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі бекiтедi. Үміткерлер үшін Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын білуге арналған сұрақтар (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі және "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы) бiреуi дұрыс болатын жауаптардың кемiнде үш нұсқасын қамтуы тиiс.
Біріздендірілген заңдық тест тапсырмаларынан тұратын кешенді компьютерлік тестілеу компьютерлік техника пайдаланыла отырып жүргізіледі.
Біріздендірілген заңдық тест тапсырмаларын қалыптастыруды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен, конкурстық негізде тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.
Тестілер мен емтихан билеттері құпия ақпарат болып табылады және еркін таратуға жатпайды.
Аттестаттаудан өтудің алдында Комиссия үміткерге аттестаттауды өткізу тәртібі, үміткерлерді іріктеу рәсімінің ұзақтығы мен мазмұны туралы хабарлайды.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының, Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері және адвокаттар алқасының мүшелері қатыса алады. Бұқаралық ақпарат құралдарын отырыстын өткізу күні туралы аумақтық әділет органы хабардар етеді.
Комиссияның отырыстарында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында аудио- және (немесе) бейнежазба не тиісті сападағы стенографиялау жүзеге асырылады. Отырыс барысында алынған стенограмма, аудио- және (немесе) бейнежазбалар отырыс хаттамасына қоса тігіледі және Комиссияның материалдарымен бірге сақталады.
Аттестаттаудан өту кезiнде үмiткерге анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиеттi, байланыс құралдарын, сондай-ақ электрондық жеткіште қандай да бiр жазбаларды пайдалануға жол берiлмейдi.
Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда, комиссия үміткерді ағымдағы аттестаттаудан шеттетеді.
Аттестаттаудан шеттетілген үміткер, осы Қағидалардың 6 және 9-тармақтарында көзделген тәртіппен шешім шығарылған күннен бастап үш ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы қайтадан өтініш беруге құқылы.
Комиссия отырысында еркін нысандағы хаттама (бұдан әрі - хаттама) жүргізіледі, онда отырысты өткізу күні, уақыты және орны, аттестатталушының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), тестілеу нәтижесі, емтихан билетінің нөмірі мен мазмұны, аттестатталушының жауаптары, комиссия мүшелері қойған баллдар және емтихан билетінің сұрақтары бойынша жалпы орташа балл, сондай-ақ Комиссияның шешімі көрсетіледі.
Хаттамаға аттестаттау өткізуге қатысқан Комиссияның барлық мүшелері қол қояды.
Психологиялық тест орындауға жіберілген жалпы уақыт - 20 (жиырма) минут, заңнаманы білуге арналған тест - 90 (тоқсан) минут (100 сұрақ).
Үміткерлер Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне тест тапсырғанға дейін психологиялық тестілеуден өтеді.
Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу қолданылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері принтерде екі данада басып шығарылады және аяқталғаннан кейін бірден жеке қол қою арқылы үміткерге танысу үшін ұсынылады.
Тест өтуге белгіленген уақыт аяқталғаннан кейін, бағдарламма автоматты түрде жабылады және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне тестілеуге өтеді.
Тестiлеу нәтижелерi бар парақтың бiр данасы үмiткерге тапсырылады, екiншiсi Комиссияға берiледi.
Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 (жетпіс) және одан артығын құраса, үмiткер тестiлеуден өттi деп саналады және екiншi кезеңге жiберiледi.
Екінші кезеңде көрсетілетін қызметті алушыға практикалық тапсырмаға дайындалу үшін 10 (он) минут беріледі. Үміткердің практикалық тапсырмаға жауаптарының дұрыстығын комиссия мүшелері бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
Комиссияның әрбiр мүшесi аттестаттаудан өтушiнiң жауаптарын басқалардан тәуелсiз әр жауап бойынша бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
Екінші кезеңнің қорытындылары бойынша төрағалық етуші Комиссия мүшелері қойған нәтижелерді есептейді және жалпы орташа балл шығарады. Орташа балл үміткердің жинаған балдарының жалпы санын қатысып отырған Комиссия мүшелерінің санына бөлу жолымен анықталады. Үміткердің қорытынды балы 3,3 есептеу кезінде 3,3 ретінде бағаланады, 4,2 есептеу кезінде 4,2 бағаланады және бұдан әрі осылайша.
Комиссия мүшелерінің бағалары, сондай-ақ практикалық тапсырма бойынша аттестатталушы жинаған жалпы орташа балл хаттамада көрсетіледі.
Егер жалпы орташа балл төрт және одан жоғары балл болса, үміткер аттестаттаудан өтті деп есептеледі.
Аттестаттаудың екінші кезеңі үшін практикалық тапсырманың мазмұнын Республикалық адвокаттар алқасы өзі дербес қалыптастырады.
Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері практикалық тапсырмалардың нұсқаларын үміткерлер санынан асып түсетін санда ұсынады. Практикалық тапсырманың сұрақтары құпия ақпарат болып табылады және жария етілуге және таратылуға жатпайды.
Осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау туралы дәлелді шешім не 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттамау туралы шешім мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі болып табылады.
Комиссияның аттестаттау не аттестаттамау туралы шешімі аттестаттау өткізілген күні шығарылады.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі электрондық нысанда ресімделеді, көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлфлық қолтаңбасымен куәландырылады және электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі.
Комиссияның аттестаттаудан өту туралы шешімі Заңның 40-бабының 10-тармағына сәйкес ол шығарылған күннен бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.
Дәлелді себеппен аттестаттауға келмеген көрсетілетін қызметті алушы (денсаулық жағдайы бойынша, іссапарда болу себебі бойынша, еңсерілмейтін күш салдарынан қатысудың мүмкін еместігі, құжатпен расталған өзге де жағдайлар туралы растайтын құжаттарды ұсынған кезде) Комиссияның келесі отырысына осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген тәртіппен шақырылады.
Үмiткер қайта келмеген немесе дәлелсіз себептермен аттестаттауға келмеген жағдайда, оның өтiнiшi қараусыз қайтарылады.
Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.