Өздерiнiң құрылу мақсатында, өз қызметiнiң түрi мен сипатына, қатысушылар (мүшелер) құрамына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын барлық заңды тұлғалар мемлекеттiк тiркеуге жатады.
Заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерi, оларға заңды тұлға құқығы берiлмей-ақ есептiк тiркеуге жатады.
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мынандай мақсаттармен жүзеге асырылады: заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктердiң құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметiнің тоқтатылу фактiсiн куәландыру.
2019 жылғы 02 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу функциясы әділет органдарынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына берілген.
Жеке және (немесе) заңды тұлғалар мемлекеттік қызметтерді алу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 29 мамырдағы № 66 бұйрығымен бекітілген Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес (бұдан әрі - Қағидалары) нысан бойынша өтініші және тізімге сәйкес құжат пакетін береді.
Құжаттардың қосымшалармен өтініші «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на, Электрондық Үкімет Порталы арқылы беріледі.
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттік қайта тiркелуге әкеп соғатын заңды тұлға деректерiнiң өзгергенi туралы мәлiметтер бiр ай мерзiмде берілмегенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 466-бабына сәйкес Заңнамада көзделген жағдайларда заңды тұлғаны, оның филиалдары мен өкiлдiктерін қайта тiркемей, қызметтi жүзеге асыру – ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп айтылады.
Заңды тұлғаның орналасқан жерінің өзгергені туралы тіркеуші органға уақтылы хабарламау лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға ескертуге немесе айыппұлға бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 884 бұйрығымен Қағидаларына өзгерістер енгізілді (НҚА әділет органдарында мемлекеттік тіркеу нөмірі № 24808), атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қолайсыз акт шығару кезінде тыңдауды өткізу рәсімі енгізілді (ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес).
Коммерциялық ұйымдарға жатпайтын заңды тұлғаларды тіркеу саласында туындаған сұрақтар бойынша 8(7182)323398 телефон арқылы немесе Павлодар облысы Әділет департаментінің Павлодар қаласы, Астана көшесі, 18 үй мекен-жайы бойынша хабарласуға болады.