Үміткерлердің нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттауға қатысу тәртібі
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес нотариустардың заң актілерінде көзделген нотариаттық іс-әрекеттер жасауы арқылы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге арналған.
Нотариус қызметіне жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар, кемінде бір жыл нотариуста тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады.
Теріс себептер бойынша атқарып жүрген лауазымынан босатылғандарды қоспағанда, мемлекеттік нотариус болып жұмыс өтілі бар адамдар тағылымдамадан өтпейді.
Тағылымдамадан өткен адамдар аумақтық әділет органдарында құрылатын нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссияларында (бұдан әрі-Комиссия) аттестаттаудан өтеді.
Тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020 жылғы 28 мамырдағы № 62 бұйрығымен бекітілген "нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қағидаларында айқындалады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес аттестаттаудан өту үшін қажетті құжаттар тізбесі, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту үшін өтініш, мәліметтер нысаны, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам өтініш берген кезде аттестаттаудың өткізілетін орны мен тілін (қазақ немесе орыс) айқындауға құқылы.
Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне компьютерлік тест тапсыру;
2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау.
Үміткер аттестаттау басталғанға дейін өзінің тіл таңдауын жазбаша растайды.
Тестілеу компьютерлік техниканы пайдалана отырып жүргізіледі.
Емтихан билеттері нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін білуі қажет құқықтық пәндердің тақырыбына сәйкес келуі тиіс үш сұрақтан тұрады.
Аттестаттау нәтижелері бойынша нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестаттау өткізілгеннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей аттестаттау туралы не аттестаттамау туралы дәлелді шешім шығарады.
Комиссияның аттестаттау туралы шешімі шығарылған сәттен бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады.
Аттестаттаудан өтуден босатылады:
1) Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасында немесе Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтихандарын тапсырған адамдар;
2) тұрақты судьялар және өз міндеттерін орындау кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшін судья лауазымынан босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс істеген адамдар жатады;
3) мемлекеттік нотариустар.
Нотариаттық қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырады.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиялар 15.08.2011 жылдан бастап тек электрондық түрде "Е-лицензиялау" интернет-порталы арқылы беріледі: http://www.elicense.kz өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірмей.
Павлодар облысы
әділет департаменті