«Заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі» мақала тақырыбына.
Өздерiнiң құрылу мақсатында, өз қызметiнiң түрi мен сипатына, қатысушылар (мүшелер) құрамына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын барлық заңды тұлғалар мемлекеттiк тiркеуге жатады.
Заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерi, оларға заңды тұлға құқығы берiлмей-ақ есептiк тiркеуге жатады.
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу: заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктердiң құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметiнің тоқтатылу фактiсiн куәландыру.
2019 жылғы 02 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу функциясы әділет органдарынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына берілген.
Осыған байланысты, коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады.
Коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (тіркеуші органдар) жүзеге асырады.
Жеке және (немесе) заңды тұлғалар мемлекеттік қызметтерді алу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 ж. 29.05. № 66 бұйрығымен бекітілген заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларының қосымшаларға сәйкес нысан бойынша өтініші және тізімге сәйкес құжат пакеті береді.
Құжаттардың қосымшалармен өтініші «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на беріледі, құжаттарды тапсыру кезінде өтініш беруші барлық сұрақтар бойынша құжаттарды қабылдайтын операторға жүгіне алады немесе заңгерлік кеңес алу үшін өтініш беруші Министрліктің Құқықтық ақпарат қызметіне Қазақстан Республикасының әділет органдары 119 мекен-жайы бойынша жүгінуге құқылы.
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабыны бұзғаны үшін жауаптылық туындайды.
Сонымен, заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттік қайта тiркелуге әкеп соғатын заңды тұлға деректерiнiң өзгергенi туралы мәлiметтер бiр ай мерзiмде берілмегенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 466-бабы Заңнамада көзделген жағдайларда заңды тұлғаны, оның филиалдары мен өкiлдiктерін қайта тiркемей, қызметтi жүзеге асыру –
ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп айтылады.
Заңды тұлғаның орналасқан жерінің өзгергені туралы тіркеуші органға уақтылы хабарламау лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға ескертуге немесе айыппұлға бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
«Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ ПФ мүшесі Каримова А.Р.