Бүгінде темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқан әйел адамдар аз емес. Кейбір білместіктен құқықтық сауаттылықтың төмендегінен жаза басты. Қоғамға қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықты жасаған жандарды мерзімінен бұрын бостандыққа шығарса, мыңнан астам бала аналарымен қайта қауышар еді.
Осы уақытқа дейін егемен елімізде 9 рет рақымшылық жасалған. Деректерге сүйенсек, мұндай шара әйел адамдарға қатысты қолданылмаған. Ал көршілес елде әйелдер амнистиясы бірнеше рет қолға алынып, жүзеге асқанын байқауға болады.
Мәселен, Қырғыстан елінде 1996 және 2015 жылдары 2 рет рақымшылық жасалған. Ал Өзбекстанда 2013 жылы, Тәжікстанда 2021 жылы әйел адамдар аталмыш амнистиямен бостандыққа шықты. Бізге үлгі болып отырған мұндай әрекеттердің оң тұстары айтарлықтай көп.
Біздің елде де әйелдер рақымшылығы іске асса, әлемдік деңгейде демократиясы мен әлеуеті дамыған ел екенінімізді дәлелдейтін едік. Мыңдаған ана отбасына оралып, балаларына қамқор бола алады. Қоғамда «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген ұғым бар.
Иә, кей қыз-келіншектер де абайсызда заң бұзып, темір тордың ар жағына түсті. Олардың қатарында қателіктерін мойындап, ісіне өкініп, еркіндікке шығып, отбасына оралуды қалайтындар бар. Сондай жандарға мүмкіндік беріп, ауыр және аса ауыр қылмысқа бармаған, жеңілдетілген санатқа жататын сотталғандарға рақымшылық жасасак артық болмас.
Гүлмира Қажиева, Павлодар облыстық адвокаттық алқасының адвокаты