Тақырып: «Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері»
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, қолданылуын тоқтату, қолданылуын тоқтата тұру және жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері жоғарыда аталған Заңның 20-бабында белгіленген.
Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларында заң жобаларын қоғамдық кеңестермен жария талқылау тәртібі реттеледі.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар қоғамдық кеңестерді азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырғаны туралы хабардар етеді.
Азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдар ұсыну үшін белгіленетін мерзім – қоғамдық кеңес олардың ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарламаны алған кезден бастап он жұмыс күнінен, ал заң жобалары бойынша он бес жұмыс күнінен кем болмайды.
Осы Заңның 17-1-бабы 15-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген заң жобалары бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң күші бар уақытша қаулыларының жобалары бойынша қоғамдық кеңестің ұсынымдар беруі үшін мерзім үш жұмыс күнін құрайды.
Қоғамдық кеңес ұсынымдарды мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынбаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді және он жұмыс күні ішінде қоғамдық кеңеске тиісті хат жібереді.
Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда, келіспеу себептерін негіздей отырып, ұстанымын қалыптастырады.
Нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын талқылау қорытындысы бойынша дайындалған ұсынымдар нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін міндетті қосымшалар болып табылады.
Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына қолданылмайды.
А.Д.Сальменова
Әкімшілік- құқықтық бөлімінің бас маманы