Ресми-құжаттарға апостильдi қоюдың тәртiбi
Апостиль қою рәсімінің мақсаты Гаага конвенциясына қатысушы елдердің аумағында әрекет етуге арналған апостиль қойылатын құжаттардың түпнұсқалығы мен тиісті ресімделуіне кепілдік беру болып табылады.
Апостиль Гаага конвенциясының қатысушысы ретiндегi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарынан (мекемелерiнен), лауазымды адамдарынан немесе нотариустарынан ғана шығатын ресми құжаттардың түпнұсқаларында қойылады. Қазақстан Республикасының аумағында түпнұсқаларға апостильдi қою үшiн өзге егемендi мемлекеттердiң (КСРО құрамындағы бұрынғы одақтас республикалардың) мемлекеттiк органдары (мекемелерi), лауазымды адамдары немесе нотариустары берген құжаттары қабылданбайды.
Апостильдi қоюға ұсынылатын құжаттар, лауазымды адамдардың қолдары және мөрлердiң бедерi анық және нақты жазылуға тиiс.
Көрсетілетін қызметті беруші Қазақстан Республикасының әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға экстерриториалдық қағидаты бойынша апостиль қояды.
Көрсетілетін қызметті алушылар мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қалауы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорацияға қағаз түрінде немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық түрде өтініш береді.
Мемлекеттік корпорация арқылы:
- апостиль қоюға өтініш;
- апостиль қоюға жататын құжат (құжаттар түпнұсқаларда да, нотариалды куәландырылған көшірмелерде де апостиль қою үшін қабылданады);
- мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжат;
- көрсетілетін қызметті алушының өкілі (жеке тұлға) жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат);
заңды тұлға атынан өкілі жүгінген кезде заңды тұлғаның басшысының немесе құрылтай құжаттарымен уәкілетті өзге де тұлғаның қолы қойылған және осы ұйымның мөрімен расталған сенімхат;
- басқа мемлекеттік органдар берген құжаттардың қолының және мөр бедерінің үлгісі.
Портал арқылы жүгінген кезде:
- электрондық өтініш;
- апостиль қоюға жататын құжат сканерленген көшірме түрінде электрондық сұрау салуға қоса тіркеледі.
Мұрагерлер жүгінген кезде растайтын құжаттар ұсынылады.