ҚР Конституциясының 76 бабы, ҚР Азаматтық процестік Кодексінің 21 бабына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары мен бұйрықтары, барлық мемлекеттік органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс.
Қазақстан Респуликасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) 7-бабына сәйкес, атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану сот орындаушыларына жүктеледі. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану ішкі істер органдары қызметкерлерінің, жеке сот орындаушылары көмекшілерінің және өзге де мемлекеттік органдардың жәрдемдесуімен жүзеге асырылады.
Заңды күшіне енген сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау, сол сияқты олардың орындалуына кедергі жасау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Атап айтқанда, Заңның 125-бабына сәйкес, борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
Заңның 126-бабының 1-тармағы 16-тармақшасына сәйкес, сот орындаушысы қылмыстық қудалау органына сот актiлерiн орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.
ҚР ҚК 139 – бабына сәйкес, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Статистикаға сәйкес 2024 жылдың 10 айына Маңғыстау облысы бойынша ҚР ҚК-нің 139-бабымен 80 борышкерге қатысты қылмыстық іс ББТ жүйесіне тіркелді. Оның ішінде 59 қылмыстық іс сотқа жолданып, үкім шығарылды.
Сонымен қатар ҚР ҚК 430- бабы негізінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау – сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР ҚК-нің 430-бабымен 5 борышкерге қатысты қылмыстық іс ББТ жүйесіне тіркелген. Оның ішінде 4 қылмыстық іс оңалту негіздері бойынша тоқтатылды.
«Мұнайлы ауданаралық аумақтық
мәжбүрлеп орындату бөлімі» филиалы