Атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін жауаптылық және оның салдары
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3) тармағына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127, 472-баптарына, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 21-бабының екінші бөлігіне, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 884-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға тиіс.
Заңды күшіне енген сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау, сол сияқты олардың орындалуына кедергі жасау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 125 бабына сай, борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.
Мемлекеттік сот орындаушысымен борышкерге қатысты жасақталатын әкімшілік жауаптылықтың түрлері және жауапкершіліктің салдарын атап өткен жөн.
Жалпы алғанда, әкімшілік жауаптылық – жеке және заңды тұлғалар мен лауазымды адамдардың өздерінің әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттері үшін заң алдындағы жауапкершілігінің бір түрі.
ҚР ӘҚБтК – нің 665, 667, 669, 670, 671, 672, 673 баптарына сәйкес мемлекеттік сот орындаушысы Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 126 бабының 1 тармағы 2 тармақшасына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық әрекетті жасаған тұлғаға қатысты хаттама жасақтап негізінен қарау үшін сот пен уәкілетті органға қарау үшін жолдайды.
Атқарушылық іс жүргізудің міндеттері азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.
Сот орындаушысының өндірісіне келіп түскен атқарушылық құжаттың қозғалуымен қатар, борышкерге атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде хабарлама ескертіледі.
Атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкерге ҚР ӘҚБтК-нің 669 бабының 1 бөлігіне сәйкес, сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамағаны әкімшілік іс бойынша жеке тұлғаларға – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
Сондай-ақ, қылмыстық жауаптылық - жеке және заңды тұлғалар мен лауазымды адамдардың өздерінің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері үшін заң алдындағы жауапкершілігінің бір түрі.
Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау заңның жалпы нормасында да Қылмыстыө Кодекстің 430-бабы, сол сияқты арнайы нормаларда да Қылмыстыө Кодекстің 139, 152, 346, 431-баптары көзделген.
ҚК-тің 430-бабына сәйкес жауаптылық заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамауды, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасауды анықтаған кезде ғана туындайды.
ҚК-тің 430-бабында көзделген алты ай мерзімі сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап есептелуге тиіс.
Сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау әрекет немесе әрекетсіздік нысаны ретінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Сонымен, сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау деп борышкердің сот актісін орындауға шаралар қабылданбауы, өндіріп алу жүргізілуі мүмкін жалақыны және басқа да мүлікті жасырып қалуды, жұмыс орны туралы, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін кірістер туралы ақпарат бермеуді, міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасауды, сондай-ақ ақшалай қаражат пен мүлікті басқа да мақсаттарға пайдалануға байланысты өзге де іс-қимылдарды санауға болады.
Борышкердің міндеттемені толық немесе анағұрлым көп көлемде орындауына мүмкіндігі бола тұра, сырт көзге сот актісін орындап жатқанын көрсету мақсатында мардымсыз ақша сомаларын аударуын жалтару түрінде орындамау нысандарының бірі ретінде қараған жөн.
Жоғарыдағылардың негізінде, сот актілерін және атқарушылық құжаттарды орындауға кедергі келтіргені және орындаудан жалтарғаны үшін жауаптылықтың Заңмен көзделуіне орай борышкер жеке және заңды тұлғаларға сот актілерін және атқарушылық құжаттарды дер кезінде орындау қажеттігін қаперлеріне алу керек.
Маңғыстау облысының
Әділет департаменті
басшысының орынбасары
Ә.Көшкінбаева