Құқықтарды ұжымдық басқару дегеніміз не?
Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым – бұл авторлар мен өзге де құқық иелерінен өкілеттіктер алып, олардың мүдделерін біріктіре отырып, шығармаларды пайдаланушылармен келісімдер жасайтын және сыйақы жинап, оны иелеріне тарататын коммерциялық емес ұйым. Қарапайым тілмен айтқанда, егер Сіз жазған ән радиода орындалса немесе телеарнада көрсетілсе, сол үшін қаламақыны жинап, Сізге табыстайтын ұйым. Ұжымдық басқару ұйымына композиторлар, ақындар, әншілер, музыканттар, суретшілер және басқа да шығармашылық иелері мүше бола алады. Әрбір автор өзінің құқықтарын ұжымдық басқаруға беруді немесе бермеуді өзі шешеді. Ұжымдық басқару ұйымдарының негізгі қызметі - ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған.