Тауар таңбасы – тiркелген немесе Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық шарттарға орай тiркеусiз қорғалатын, бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан ажырату үшiн қызмет ететiн белгi.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі №456 «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 5 бабына сәйкес тауар таңбасы ретiнде бейнелеу, сөз, әрiп, цифр, көлем белгiлерi және өзге де белгiлер немесе бiр тұлғалардың тауарлары мен қызметтерiн басқа тұлғалардың бiртектес тауарларынан немесе қызметтерiнен ажыратуға мүмкiндiк беретiн олардың аралас үлгiлерi тiркелуi мүмкiн.
Тауар таңбасы кез келген бояулы түсте немесе бояулы түстер үйлесiмiнде тiркелуi мүмкiн. Тауар таңбасын тіркеуді болдырмайтын негіздер және тауар таңбасын тіркеуден бас тарту үшін негіздер Заңның 6, 7 баптарында көрсетілген.
Тауар таңбасының тiркелуi өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы қолданылады.
Тауар белгісін тiркеудiң қолданылу мерзiмi оның қолданылуының соңғы жылы iшiнде иесi берген өтiнiшхат бойынша әр жолы он жылға ұзартылады. Тауар белгісін тiркеудiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы мәлiметтер сараптама ұйымына өтінішхат келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде Тауар белгілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiне және куәлікке енгiзiледi.
Өтiнiш беру мерзiмi тiркеудiң қолданылу мерзiмi аяқталған соң алты ай iшiнде берiлген иесiнiң арызы бойынша қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
Тауар таңбасын тіркеуге өтінімді өтініш беруші немесе оның өкілі береді:
өтініш беруші – тауар таңбасын тіркеуге немесе тауар шығарылған жердің атауын тіркеуге және тауар шығарылған жердің атауын пайдалану құқығын беруге өтініш берген заңды немесе жеке тұлға (Заңның 1 бабының 5) тармағы);
өтініш берушінің өкілі – патенттік сенім білдірілген өкіл немесе ҚР Азаматтық кодексінің 167 бабының талаптарына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде әрекет ететін өзге де өкіл.
Ұлттық зияткерлік меншік институты сайтының newcab.kazpatent.kz жеке кабинет арқылы немесе ҚР www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тауар таңбасын тіркеуге өтінімді беруге болады.
Заңның 4 бабының 4 тармағына сәйкес тауар белгісінің иесi куәлiкте көрсетiлген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзiне тиесiлi тауар белгісін пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды.
Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, фирмалық атауын және тауар шығарылған жерлердің атауларын немесе біртектес тауарлар үшін оларға ұқсас белгілер заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделеді.
Жітіқара ауданаралық әділет басқармасы