Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Халық өз құқығын – өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керегін толық білуі қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, барлық салада сыбайлас жемқорлық пен оның деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту басты мақсат болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отыр. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіруде. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қымет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.
Қазақстан РеспубликасыныңРес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың ұжымдардың, жергілікті өзінөзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін ұсына отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқықбұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.
Жемқорлыққа қарсы жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер мен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарайды.
Өткенімізге көз салсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында тәуелсіз мемлекет тұғырының биіктеп, нығая түсуіне бүгінгі күнге дейін қабылданған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралардың ықпалы зор. Соның нәтижесінде елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – Елбасының бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Сондықтан жемқорлықпен күрес Қазақстан Республикасы азаматтарының барлығының азаматтық борышы.
Арқалық қаласының ауданаралық
әділет басқармасы