Қазақ тілі – Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Ата Заң – Конституция мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі», – деп атап көрсетілген. Сондықтан мемлекеттік тілді білу, оны жетік меңгеру – заңның ғана емес, уақыттың да талабы.
Біздің елімізде жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт, тату өмір сүріп жатыр. Сол ұлттарды біріктірген Ассамблеяның жұмысын үлгі тұтып, мақтан ететініміз тағы бар. Қазақстанды Отаным деп қадірлеген олардың барлығының өз тілінде сөйлеуіне, өз дәстүр-салтын дәріптеуіне барлық жағдай жасалған. Қарап отырсаңыз, саны аз болғанымен, сол ұлттардың бәрі бір-бірімен өз тілінде сөйлесетіні талассыз. Ал бізде ше? Өз елімізде тұрғанымызбен, екі қазақтың бір-бірімен өзге тілде түсінісуі нені білдіреді? Қазақша балабақшаға немересін жетектеп келе жатқан ата мен әжеге дейін орысша шүлдірлейді. Қазақша мектепте оқитын балалар сыртқа шыға салып орысша сөйлеседі. Тіпті аулада ойнап жүрген бүлдіршіндердің тілі де қазақша емес. Осындай әрекеттер арқылы біз өз тіліміздің қадірін кетіріп, қолданысын кемітіп отырмыз. Қазаққа керек болмаған, қазақтар қолданбаған тіл кімге керек? Біз қайта өзіміз көркем сөйлеп, тілдің құдіретін көрсету арқылы өзге ұлттарды қазақша үйренуге итермелеуіміз, ынталандыруымыз керек емес пе? Осыдан көріп тұрғанымыздай, бізге отаншылдық, қазақы рух жетіспей тұр. Егемендікті алғаш алған кезде тіл білмейтіндерге түсіністік танытатын едік. Кеңестік дәуірдің ықпалында тәрбиеленген, «орыс тілін білмесең күн көре алмайсың» деген қасаң пайыммен өскен азаматтардың қазақ тіліне мән бермегені рас. Ал енді тіл білуге, ана тіліңді меңгеруге не кедергі?
Тіл саясаты – кез келген мемлекеттің ұлттық тағдырын шешетін киелі құбылыс. Тәуелсіздікпен бірге туған тіліміздің де мемлекеттік мәртебесі бекітілді. Бұл мәртебе ана тіліміздің қанатын кеңге жаюына біршама ықпал етті. Қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп, мемлекеттік қызмет салаларында іс қағаздарын ана тілінде жүргізуге барынша көңіл бөліне бастады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген болатын. Елбасы Жарлығына сәйкес, елімізде барлық мемлекеттік мекемелер іс қағаздарын кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіруі тиіс. Демек. бұл ахуал барлық сала мекемелерінде, әсіресе құзырлы органдарда аудармашылардың ығында қалмаса дейміз. Еліміздің Конституциясы да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде аянып қалмауымыз қажет. Ол үшін қатынас іс қағаздарын, өзге де құжаттарды қазақ тілінде дайындауға барынша машықтанғанымыз жөн.
Арқалық қаласының ауданаралық
әділет басқармасы