Құқықтық сауаттылық – азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі ғана емес, сонымен қатар оларды тиімді пайдалана алуы. Бүгінде Қазақстанда бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Цифрландыру мен жаңа технологиялардың енгізілуі құқықтық көмекке қолжетімділікті арттырып, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауды жеңілдетіп отыр.
Әрбір азаматтың құқықтық білімінің болуы – заңға бағынатын, тұрақты қоғам қалыптастырудың маңызды шарты. Құқықтық сауаттылық:
- Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне көмектеседі;
- Заң бұзушылықтардың алдын алады;
- Әділетті шешімдер қабылдауға ықпал етеді;
- Заң қызметтерін алу кезінде уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті: «Халықтың құқықтық сауатын дәйекті түрде арттырып, қоғам санасына адами құндылықтарды сіңірген жөн. Әрбір азамат өз сөзі мен әрекетіне заң тұрғысынан есеп беруі тиіс».
Әділет министрлігі азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі шараларды іске асыруда. 2024 жылы:
- «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күндері» сияқты акциялар ұйымдастырылды;
- 100 мыңнан астам адамды қамтыған 1 310 консультативтік іс-шара өткізілді;
- Ауыл тұрғындары үшін 2 000-ға жуық «Құқық кабинеттері» ашылды. Бұл кабинеттерде азаматтар заңнамалық құжаттармен танысып, қажетті ақпараттық жүйелерді (e-otinish, «Ашық НҚА» порталы) пайдалана алады.
Сонымен қатар, «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы азаматтар заңгерлік кеңестерді онлайн ала алады. «Zan Komegi» мобильді қосымшасы арқылы бейнеқоңырау арқылы заңгерлермен байланысу мүмкіндігі де қарастырылған. Қазіргі таңда бұл жүйеде 2 000-нан астам заңгер жұмыс істеп, 472 мың азаматқа құқықтық көмек көрсетті.
Құқықтық қызметтердің цифрландырылуы халық үшін үлкен қолайлылық туғызды. «Е-нотариат» жүйесі арқылы азаматтар нотариусқа бармай-ақ, онлайн форматта сенімхаттар мен келісімдерді рәсімдей алады. Бұл қызметті 176 мың азамат пайдаланса, оның ішінде:
- 168 мың сенімхат рәсімделді;
- 67,5 мың ерлі-зайыптылар келісімі заңдастырылды.
Цифрлық технологиялардың тағы бір тиімділігі – сот орындаушы қызметін автоматтандыру. «Сот орындаушы роботы» әкімшілік айыппұлдарды төлеуді оңайлатты. Егер 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлеміндегі айыппұл уақытында төленбесе, робот автоматты түрде іс қозғайды. Азаматтар бұл туралы EGov Mobile арқылы хабарлама алып, айыппұлды онлайн төлеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жүйе арқылы 2,2 млрд теңге көлемінде 109 мың атқарушылық іс қозғалып, 550 млн теңге азаматтардың пайдасына үнемделді. Бұл шаралар азаматтарға тәулік бойы құқықтық көмек алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ уақыт пен қаржыны үнемдеуге ықпал етеді.
Цифрлық технологияларды қолдану арқылы Қазақстанда құқықтық қызметтер айтарлықтай қолжетімді бола түсті. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып, заң көмегін алу оңайлады. Бұған онлайн заң кеңестері, цифрлық нотариат, робот-сот орындаушы, мобильді қосымшалар сынды жаңашыл жобалар дәлел.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қадамдар халықтың құқықтық мәдениетін нығайтып, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ендігі міндет – әрбір азаматтың өз құқықтарын білуі және оларды қорғауда белсенді болуы.
Қоғамдық қабылдау
бөлімінің меңгерушісі
Раушан Айтбаева