Бала құқығы мәселесі – ел саясатының маңызды бөлігі.

      Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді. Негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек, Азаматтық, «Неке (ерлі-зайып­­тылық) және отбасы туралы» Кодекстері, «Баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және меди­циналық-педагогикалық түзеуді қолдау туралы», «Балалар отбасылық тип­ті ауылдар мен жасөспірімдер үйлері туралы», «Кәмелетке толма­ған­­дар­­дың арасындағы құқық бұзу­шы­лық­тың алдын алу және балалар қарау­сыз қалған және панасыз қалудың алдын алу туралы», «Балалары бар отбасыларға мемле­кет­тік жәр­де­мақылар туралы», «Әлеу­меттік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ал­дын алу туралы», «Мемлекеттік жас­­тар саясаты туралы» заңдары. 
        Көрсетілген заңнамалық құжат­тар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты  сақталуын қамтамасыз етеді. Тегіне, нәсіліне, қай ұлтқа жататындығында, әлеу­мет­тік және мүліктік жағдайына, жы­нысына, тіліне, біліміне, дінге көз­қарасына, тұрғылықты жеріне, ден­сау­лық жағдайына қара­мастан барлық бала тең құқыққа ие. Некеден және некесіз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңда­рында белгіленген жағдайларды қоспа­ғанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды.

       Осы мақсатта Қазақстанда баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тиісті органдар мен ұйымдар құрылған. Бүгінгі таңда республикамызда балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі және өзге министрліктер мен басқа да ұйымдар айналысады. Бұл ретте жергілікті деңгейде білім беру, денсаулық сақтау, балаларға арналған әлеуметтік қорғау жүйесінде мыңнан астам орган мен ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын 300-ден астам үкіметтік емес ұйымдар бар.

       Жас ұрпақты қорғаудың маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толма­ған­­дар­­ды қылмыстық-құқық­тық қор­ғау. Балаларға қа­тыс­ты кез кел­ген зор­лық-зомбылық қа­таң түрде тоқ­та­­­­­­тылуы тиіс.

        Балаларды қорғау– ең алдымен, балалар өмірін, оның құқықтарын, пікірі мен дін бостандығын қорғау. Оны күш көрсетуден, зорлық-зомбылық жасаудан және психологиялық жәбірлеуден қорғау. Балалар еңбегін қанаудан қорғау. Баланың білім алуына, демалуына, бос уақытын тиімді пайдалануына құқығы бар. Адамгершілігі мол ұрпақ өсіріп, әділетті де өркениетті қоғам қалыптастырғымыз келсе, біз – үлкендер осы мәселелерді ескеруіміз тиіс.

       Бала – біздің өмірімізді тікелей жалғастырушы ұрпақ ғана емес, еліміздің болашағы. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – демекші, мемлекетіміз үшін әрбір отбасында өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің қауіпсіз ортада дені сау, рухани бай, еңбек пен білімге құштар болып өсуі ең жоғарғы, биік мақсаттардың бірі болып табылады. Олардың әрқайсысы білім алуға, тегін медициналық көмек алуға құқылы. Әрбір бала ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар. Өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға, тынығуға және мәдени демалуға құқылы. Мектепте кінәлі болса да, оны ешкімнің ұрып жазалауына, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ. Мұның бәрі Бала құқықтары тура­­лы халықаралық конвенцияда жазылған. Еліміз бұл құжатқа қол қой­ғандықтан, аталған құқықтың қорғалуын қадағалауға міндетті.

       Бүгінде өмірде кездесетін сан қилы тағдыр тәлкегіне ұшыраған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Балалардың құқық­тарын және заңды мүдделерін қорғауда алда тұрған мақсат – жетімдіктің алдын алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу үшін отбасына орналастыруға ықпал ету мәселесі.

       Жетім және ата-анасының қамқорлығына зәру балалар білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерінің қамқорлығында. Қазіргі таңда балалар үйінде тәрбиеленген балаларды отбасыларына беру мәселелері заңнамалық тұрғыда реттелген. Балаларды қамқорлығына алған отбасыларды мемлекет қаржылай қолдап отыруға кепілдік береді. Бұл шаралар балалар үйінің азаюына әкелуде. Қазіргі уақытта елімізде отбасылық типтегі балалар ауылы жұмыс істейді. Ол балалар мүддесін, құқықтарын қорғайтын, қажеттілігін өтейтін әлеуметтік ұйым болып саналады. Балалар үйінде тәрбиеленген балаларға тегін баспана, тамақ, киім, медициналық көмек, оқулықтармен қамту, стипендия алу бойынша көп жағдай қарастырылған. Жетімін жылатпаған халқымыз осы балалардың, ертеңгі мықты азаматтарымыздың құқығын қорғауға, қолдауға өз үлестерін қосып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Балалардың  құқықтарын қорғауды ата-аналары (асырап алушылар, қамқоршылар), сот, прокурор жүзеге асырулары тиіс.Заң балаларды әр түрлі қол сұғушылықтан, оның қадір-қасиетін қорлаудан, ата-анасы тарапынан болатын қиянаттардан, ұрып-соғу, қаңғыбастыққа итермелеуден қорғайды. Біздің мемлекетімізде әдеттегідей, құқығын қорғау үшін қамқоршы органдарға, сотқа жүгіну керек.

       Басқа мемлекеттерде балалардың құқықтарын қорғайтын арнаулы қызметтер жұмыс істейді. Балалар соларға телефон соғып, ата-аналарының немесе басқа да адамдардың ұрып-соққандығы,  күш қолданып жәбірлеулері жайлы айта алады. Бұл қызмет тездетіп ата-аналарына, құрдастарына, мектептегі мұғалімдеріне, тәрбиешілерге, яғни қорлаушыларға шара қолданады, айыппұл салады. Осындай қызметтер біздің елімізде де қолға алынуы тиіс. Бұл қызмет туындаған қиындықтың алдын алады. Балаларда жиі кездесетін суицидтен сақтайды.  Сотқа жүгініп, сот шешімін күтіп жүрудің өзі баланың еңсесін түсіреді. Балалар кішкентай нәрсенің өзін ауқымды проблема ретінде қарайды.

       Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балалардың құқығын қор­ғау­ға ерекше мән бергені белгілі. Елімізде болып жататын түрлі қылмыстардың алдын алуға, сонымен қатар балаларды қатерден құтқаруға қоғам болып қолдау білдіру бүгінде өзекті мәселенің біріне айналып отыр.

 

 

Исмагулова Г. Ж.

Әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маманы

Дата публикации
26 января 2023