Жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) растайтын құқық белгілейтін және басқа да құжаттар тіркеу сәтінде оларға қойылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы»
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 Заңының 24 бабына сәйкес, жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растайтын құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тиісті ресімделуге, мөрмен (ол болған кезде) бекемделуге, арнайы бланкілерде орындалуға, тараптардың немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған лауазымды адамдардың тиісті қолтаңбалары болуға тиіс. Соттардан, құқық қорғау органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан шығатын құжаттар тиісті құжаттарға қойылатын нысанда орындалуға тиіс.
Заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда құқық белгілейтін және өзге де құжаттар нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс.
Құқық белгілейтін құжаттардың электрондық көшірмелерінде тараптардың қолтаңбалары болмауы мүмкін және олар нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбасымен міндетті куәландыруға жатады.
Электрондық нысандағы құжаттар электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы шарт тараптары мен уәкілетті ұйымдардың міндетті куәландыруына жатады.
Сонымен қатар, тазарту не қосып жазу, сызылған сөздер немесе өзге де келісілмеген түзетулер бар құжаттар, сондай-ақ қарындашпен орындалған құжаттар қабылданбайды. Құқық белгілейтін құжаттар тіркеу парағына енгізілетін құқық иелері туралы, тіркелетін құқық (құқық ауыртпалығының) түрі туралы мәліметтерді, мекенжайды, мекенжайдың тіркеу кодын (ол бар болған кезде), сондай-ақ құқықтық кадастрды жүргізу мақсаты үшін қажетті жылжымайтын мүлік объектісі туралы деректерді қамтуға тиіс.
Тиісті жазбаларды тіркеу құжаттарына енгізу үшін хабарлама нысаны (міндеттеменің орындалмауы туралы, жүргізілетін тіркеуді немесе тіркелген құқықты даулау ниеті туралы және т.б.) уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес болуға тиіс. Жылжымайтын мүлікке және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілеріне құқықтардың туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растайтын құжаттар тіркеуші органға екі данада ұсынылады, олардың біреуі түпнұсқа немесе нотариат куәландырған көшірме болып табылады.
Құқық белгілейтін құжат сот актісі болған жағдайларда және құқық иесіне құжаттың түпнұсқасы берілмейтін өзге де жағдайларда, тіркеу үшін осындай құжаттың куәландырылған екі көшірмесі беріледі.
Неке шарты екі данада беріледі, олардың біреуі түпнұсқа немесе нотариат куәландырған көшірме болып табылады.
Құжаттың түпнұсқасы не куәландырылған көшірме осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларда, тіркеуден соң өтініш берушіге (уәкілетті өкілге) қайтарылады. Тіркеу сенімхат негізінде жүзеге асырылатын жағдайларда, тіркеуші органға сенімхаттың екі данасы табыс етіледі, оның біреуі түпнұсқа немесе нотариат куәландырған көшірме болып табылады. Тіркеуден кейін сенімхаттың түпнұсқасы өтініш берушіге (уәкілетті өкілге) қайтарылады.
Электрондық тіркеу кезінде тіркеуші органға сенімхат ұсынылмайды.
Жылжымайтын мүліктің бір бөлігіне белгіленетін құқықтарды (құқықтар ауыртпалығын) тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжат (жалға беру, сервитуттар, мүлікті өтеусіз пайдалану туралы және басқалары) құқықтың (құқық ауыртпалығы) қолданылу аясы болып табылатын мүліктің бір бөлігінің егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтуға тиіс. Жылжымайтын мүліктің бір бөлігі кепілге қойылған кезде міндеттемені орындамауға байланысты кепіл затын иеліктен айыру жағдайларында объектіні бөлу жоспарын осы жылжымайтын мүлік объектісін бөлуді немесе қосуды жүзеге асыратын орган мақұлдауға тиіс.
Қостанай облысы Әділет департаментінің
тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік
қамтамасыз ету және бақылау бөлімі