Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауы, өзгеруі немесе тоқтатылуы, сондай-ақ заңдық талаптар құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 48-бабына сәйкес кепілді мемлекеттік тіркеу осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда және «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңда белгіленген жалпы ережелер бойынша жүзеге асырылады.
Жылжымайтын мүлік кепілі, сондай-ақ ипотека куәлігімен жасалатын мынадай операциялар:
1) ипотека куәлігін беру;
2) ипотека куәлігінің кепілі және оны табыстау құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеу объектісі болып табылады.
Тіркеуші орган негізгі міндеттеменің орындалуына, кепіл затының жоғалуына (жойылуына, бүлінуіне) байланысты кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде бір мезгілде ипотека куәлігінің күшін тоқтату туралы жазба енгізеді.
Кепілдің басқа өзгерістерін қатысушылардың қалауы бойынша құқықтық кадастрда тіркеуге болады.
Кепілді мемлекеттік тіркеу туралы жазба:
1) негізгі міндеттеменің орындалуына байланысты кепіл ұстаушының өтініші негізінде кепілді тоқтату кезінде;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен кепіл затты өндіріп алу кезінде;
3) кепіл шартын бұзуға байланысты кепіл тоқтатылған кезде;
4) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 322-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша кепілді тоқтату кезінде өтеледі.