«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңнына сәйкес (бұдан әрі - Заң) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн тексерудi, Бизнес - сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға мемлекеттiк тiркеу туралы анықтама беруді, заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi Бизнес - сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзудi қамтиды.
Заңның 4-бабына сәйкес Коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады. Коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (тіркеуші органдар) жүзеге асырады.
Соңымен бірге Заңын 11-бабына сәйкес заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеуден (қайта тiркеуден) бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) заңды тұлғаны құрудың, қайта тiркеудің және қайта ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiбiнің бұзылуы, құрылтай құжаттарының Қазақстан Республикасының заңына сәйкес келмеуі;
2) тапсыру актiсiн немесе бөліну балансын ұсынбауы не оларда қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқықтық мирасқорлығы туралы ережелердiң болмауы;
3) егер заңды тұлға немесе заңды тұлғаның жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) iс-әрекет етпейтiн заңды тұлға болып табылса;
4) егер заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылатын жеке тұлға әрекет етпейтін заңды тұлғалардың жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) және (немесе) басшысы болып табылса (4.1-ден 4.6-ға дейінгі тармақтар бас тартудың барлық жағдайларын ашады);
5) жеке басты куәландыратын жоғалған және (немесе) жарамсыз құжаттарды ұсынуы;
6) сот актілерінің және сот орындаушылары мен құқық қорғау органдары қаулыларының (тыйым салуларының, қамауға алуларының) болуы.
7) егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе сот актісінде өзгеше белгіленбесе, тіркеу әрекеттері мерзімді үзу үшін негіз болған мән-жайлар жойылғанға дейін, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге үзіледі. Егер мерзімді үзу үшін негіз болған мән-жайлар бір ай ішінде жойылмаса, сарапшының (маманның) қорытындысын алуды қоспағанда, тіркеу әрекеттерінен бас тартылады;
8) мыналарды:
нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге шетелдік құрылтайшы паспортының немесе жеке басын куәландыратын басқа да құжаттың, сондай-ақ «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында коммерциялық ұйымды тіркеу құқығын растайтын құжаттың көшірмесін;
құрылтайшы шетелдік заңды тұлға шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге сауда тізілімінің заңдастырылған үзінді көшірмесінің немесе басқа да заңдастырылған құжаттың көшірмелерін ұсынбау.
Дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеуден және қайта тiркеуден бас тартудың қосымша негiздерi «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңында белгiленедi.
Филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеуден және қайта тiркеуден бас тарту филиалды (өкiлдiктi) есептік тіркеудің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiбi бұзылған, есептiк тiркеуге ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген жағдайларда жүзеге асырылады.
Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеуден немесе қайта тiркеуден, филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеуден немесе қайта тiркеуден бас тартылған жағдайда, тiркеушi орган оған ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамалық актiсiнiң талаптарына сәйкес келмейтiндiгіне сiлтеме жасалған жазбаша түрдегі дәлелдi бас тартуды осы Заңның 9-бабында көзделген мерзiмдерде бередi.
Заңды тұлғаларды, олардың филиалдарын (өкілдіктерін) мемлекеттік (есептік) тіркегені немесе қайта тіркегені үшін төленген тіркеу алымын қайтару Салық кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.