Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – оны алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға тегін негізде көрсетілетін, көрсетілген шығыстары мемлекеттік бюджет есебінен өтелетін заң көмегі.
Білікті заң көмегі қазіргі заманғы азаматтық қоғамның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Бұған білікті заңгерлердің қызметі дәлел бола алады.
Заң көмегінің түрлері (15-бап)
Әртүрлі құқықтық қатынастардың болуын ескере отырып, заң көмегі:
құқықтық ақпараттандыру;
құқықтық консультация беру;
соттарда, тергеу органдарында, мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда қорғау және өкілдік ету түрінде көрсетіледі.
Жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін адвокаттар мен заң консультанттары көрсетеді.
Тегін көрсетілетін көмек сапасыз болады деген пікір қалыптасқан. Алайда, бұл көмек азаматтар үшін тегін болғанымен, оның ақысы мемлекет тарапынан төленетінін атап өткен жөн.
Әділет министрлігінің құзыреті (23-бап)
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар (26-бап)
2022 жылғы маусым айына дейін мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық консультация беру түрінде адамдардың шектеулі тобына көрсетіліп келді:
алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;
әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамдарға, азаматтық іс бойынша жауапкерге, әкімшілік іс шеңберіндегі талап қоюшыға, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге көрсетілді.
2022 жылы 20 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Осыған байланысты субъектілерді шеңбері едәуір кеңейтілді. Енді оларға мыналар жатады:
асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;
Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер — кәсіпкерлік қызметке байланысты емес мәселелер бойынша;
кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;
кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Көрсетілген санаттағы азаматтарды енгізу Мемлекет кепілдік берген заң көмегін шын мәнінде қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғалардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл ретте құқықтық консультация беру кәсіпкерлік қызметке байланысты емес мәселелер бойынша көрсетіледі.
Сонымен қатар, Мемлекет кепілдік берген заң көмегі қорғау және өкілдік ету түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғаларға, азаматтық іс бойынша талап қоюшыға немесе жауапкерге, әкімшілік іс шеңберіндегі талап қоюшыға, қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталғанға, ақталған адамға және жәбірленушіге көрсетіледі.
Көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан, мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету тәртібі:
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету — бұл аумақтық әділет департаментімен МКЗК көрсету туралы шарт жасасқан адвокаттың міндеті болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жөніндегі қызметін ұйымдастыруды адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.
Осы мақсатта адвокаттар алқалары жыл сайын мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін қалыптастырады және оны жариялау үшін аумақтық әділет органдарына, сондай-ақ «Ашық деректер» порталында орналастыруға жолдайды.
Істерді тағайындау арқылы бөлу адвокаттар алқасы арқылы жүзеге асырылады және есепке алу журналына тіркеледі. Адвокатқа жеке шарт негізінде құқықтық көмек көрсету жағдайларын қоспағанда, іске өз бетінше кіруге тыйым салынады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғалар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан, оны алуға құқылы.
Адвокат қылмыстық істер бойынша, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның 33-бабы 8-тармағында көрсетілген жағдайлар болмаған кезде, қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқылы емес және өз қорғауындағы тұлғаның немесе өзінің пікірі бойынша әділетсіз деп танылған үкімге заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға міндетті.
Адвокат мемлекет кепілдік берген заң көмегі үшін тұлғадан қосымша ақы талап етуге құқылы емес.
Заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясат мұндай көмекті жетілдіруді, ең алдымен, табысы төмен тұлғаларға қолжетімділікті арттыруды басым бағыт ретінде айқындайды.
Шетелдік тәжірибені ескере отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарын толық қамту мақсатында адвокаттар мен заң консультанттары тарапынан (тегін әлеуметтік құқықтық көмек) көрсету көзделген, ол мемлекет кепілдік берген заң көмегінен ерекшеленеді.
Мұндай көмек адвокаттар мен заң консультанттары тарапынан өтеусіз және ерікті негізде көрсетіледі, яғни клиенттің заң көмегіне жүгінген сәтінен бастап оның құқықтық мәселесі толық шешілгенге дейін жан-жақты сүйемелдеу жүзеге асырылады.
Осылайша, бүгінгі күні КӘҚК (кешенді әлеуметтік құқықтық көмек) жүйесін енгізу Қазақстанның барлық өңірлерінде өзінің сұранысқа ие екенін көрсетіп, азаматтар тарапынан үлкен қызығушылық туындатуда.