АДВОКАТТЫҢ ЖҰМЫСЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТЕРДІҢ ЖОЛЫН КЕСУ
Қазақстан Республикасының Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Заңының 35 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа ретте, адвокаттың құқықтары шектелуге жатпайды. Заңды адвокаттық қызметке араласу не кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
Адвокатты ол заң көмегiн көрсетiп отырған тұлғамен теңдестiруге тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мыналарға:
- адвокат өзінің кәсіптік міндеттерін жүзеге асырған кезде өзіне мәлім болған мән-жайлар туралы одан куә ретінде жауап алуға;
- адвокаттан, оның көмекшісінен, оның тағылымдамадан өтушісінен, адвокатпен, заң консультациясымен, адвокаттық кеңсемен еңбек қатынастарында тұрған тұлғадан, адвокаттар алқасы төралқасының басшылары мен жұмыскерлерiнен, сондай-ақ өзінің адвокаттық қызметпен айналысу құқығы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған адамнан заң көмегiн көрсетуге байланысты мәлiметтерді, материалдарды талап етіп алдыруға немесе талап етуге немесе оларды адвокаттың және оның клиентінің келісуінсіз, басқа тәсілмен алуға әрекеттенуге тыйым салынады.
Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар адвокатқа өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығудың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларда, осындай жолығулар беруден бас тартуға, сондай-ақ олардың саны мен ұзақтығын шектеуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа ретте, адвокаттық іс қағаздарын жүргізу, онымен байланысты өзге де материалдар мен құжаттар, сондай-ақ адвокаттың мүлкі, оның ішінде ұялы байланыс құралдары, аудиоаппаратурасы, компьютерлік техникасы жете тексерілуге, қарап-тексерілуге, алынуға, алып қойылуға және тексерілуге жатпайды.
Адвокаттық қызметті жүзеге асыру кезінде адвокаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығына заңда белгіленген тәртіппен кепілдік беріледі.
Қылмыстық қудалау органдары, олардың лауазымды адамдары процестік заңда көзделген жағдайларда, адвокатты оның тергеу және өзге де процестік әрекеттерге адвокатпен келiсiлген мерзiмде қатысуы қажет екені туралы хабардар етуге мiндеттi.
Мемлекеттiк органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар адвокаттың заң көмегiн көрсетуiне байланысты сұрау салуына он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге мiндеттi.
Егер ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған жағдайда, адвокатқа сұратылып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін.
Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 668 бабына сәйкес, адвокаттың не адвокаттар алқасының, заң консультациясының, адвокаттық кеңсенiң заңды қызметiн жүзеге асыруына жазбаша сұрау салу бойынша қажеттi құжаттарды, олардың кәсiптiк мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн талап етілетін материалдарды немесе мәлiметтердi заңнамада белгiленген мерзiмдерде ұсынбаудан не ұсынудан бас тартудан көрiнген кедергi келтіру, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, лауазымды адамдарға – он бес, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Сондай-ақ, Кодекстің 804 бабына сәйкес соттар қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға 33) әдiлет органдарының (158, 214, 462, 668, 668-1-баптар) уәкілеттік берілген лауазымды адамдарының құқығы бар.
Қарағанды облысы
Әділет департаментінің
Құқықтық түсіндіру және халыққа
заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің
бас маманы
Ғ.С.Әбдібаев