Қазақстан Республикасында адвокатураның құрылуынан бастап заң көмегін көрсету саласындағы заңнама үнемі жетілдіріліп, адвокаттардың мәртебесі жоғартылатуға бағытталған іс-шаралар қабылдануда.
Азаматтардың заң көмегін алуға құқықтарын қамтамасыз етудің құралдарының бірі мемлекеттік кепілдік берген заң көмегі.
Мемлекеттік кепілдік берген заң көмегін алу құқығы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының нормаларында, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік, Қылмыстық-процестік кодекстері, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде бекітілген.
2022 жылдың 20 маусымында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Бұл Заң мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдардың және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету субъектілердің шеңберін ұлғайтты, олар: сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға, көпбалалы отбасыларға, белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға), сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Аталған азаматтарды енгізу шын мәнінде өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды мемлекет кепілдік береген заң көмегімен қамтуға бағытталған.
Одан басқа, заң консультанттарына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету құқығы берілді.
Жоғарыда аталған заңды іске асыру мақсатында заңға тәуелді актілер, заң консультанттарының заң консультанттары палаталары ұйымдастыратын мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуды және ұйымдастыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт әзірленген.
Заң көмегін көрсеткені үшін адвокаттар қызметіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Адвокат, заң консультанты көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеудің және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеудің мөлшерін бекіту туралы» қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылдың тамызында аталған қаулыға қылмыстық іс бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша (түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері) процессуалдық іс-әрекет үшін 1,5 мөлшерінде адвокатқа мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Қарағанды облысы
Әділет департаментінің
бас маманы Р.Құнанбаев