ҚР Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Заңының 126 б. 1т. 16тт. сәйкес, сот орындаушысы қылмыстық қудалау органына сот актiлерiн орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.
ҚР ҚК 139 – бабына сәйкес, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сонымен қатар ҚР ҚК 430- бабы негізінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау –сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыс жасау кезінде өндiрiп алу сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген он мың айлық есептiк көрсеткiштен асатын іс-әрекеттер, сол сияқты олардың орындалуына кедергі жасау – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген қылмысты жасаған және сот үкімі шығарылғанға дейін берешегінің бүкіл сомасын өтеген адамға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
Қарағанды қаласы
Орталық сот актілерін орындау
бойынша аймақтық бөлімі
филиалының сот орындаушысы
Т.Е. Кубеев