Мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну туралы
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі дегеніміз(бұдан әрі - МКЗК) - заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңымен(бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегінің түрі.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшерлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу тәртібі уәкілетті орган айқындайтын мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу қағидаларында белгіленеді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне, іссапарлық, көліктік шығыстарға ақы төлеу және оның құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге байланысты басқа да шығыстарын өтеу қылмыстық қудалау органдарының қаулылары және соттардың ұйғарымдары бойынша жүргізіледі(бұдан әрі – процесс жүргізуші органдар).
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі (бұдан әрі - ӘМ) заң көмегін көрсету саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган – заң көмегінің ұйымдастырылуын, сондай-ақ оның сапасын бақылауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ӘМ:
1) МКЗК көрсететін тұлғалардың қызметін үйлестіреді;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету сапасының өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетудің жүйесі және негізгі қорытындылары туралы ақпараттың жылына кемінде бір рет Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануын және өзінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етеді;
4) адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу тәртібін әзірлейді және бекітеді;
5) адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларын бекітеді;
6) мемлекет кепілдік берген көрсетілетін заң көмегінің сапасын бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар тізімі, олардың құқықтары мен міндеттері Заңмен және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгіленеді.
Аумақтық адвокаттар алқалары (бұдан әрі - Алқа) адвокаттардың МКЗК көрсетуге қатысуын ұйымдастырады. МКЗК көрсетуді және процессті жүргізуші органдардың тағайындауы бойынша қорғауды ұйымдастыру Коллегияның басты міндеттеріне жатады. МКЗК көрсету жүйесіне қатысу үшін Республикалық адвокаттар алқасы бекіткен іріктеудің өлшемшарттарын сәйкес келетін адвокаттар жіберіледі (бұдан әрі - Іріктеу өлшемшарттары).МКЗК көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттар тізіміне қосудың артықшылықты құқығы кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсететін адвокаттарға беріледі.
Адвокаттармен МКЗК көрсету тәртібі
МКЗК:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;
4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
1 және 2тармақтарда көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында МКЗК тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.
МКЗК мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.
Құқықтық консультация беру түріндегі, МКЗК көрсету өтініш иесі өтініш жасаған кезде бірден адвокаттың қызметтік үй-жайында жүзеге асырылады. Заң көмегін өтініш иесі өтініш жасағаннан кейін бірден көрсету мүмкін болмаған кезде, ол үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде көрсетілуге тиіс. Адвокат өтініш иесіне қабылдау күні мен уақыты туралы қолжетімді нысанда хабарлайды. Егер өтініш иесі жүріп-тұруындағы қиындықтарға байланысты ауыр науқасы, мүгедектігі немесе өзге де мән-жайлар салдарынан адвокат белгілеген қабылдау орнына келе алмайтындай жағдайда болса, құқықтық консультация беру оның болатын жерінде жүргізіледі. Тұлға сол бір мәселе бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір рет ала алады.
МКЗК көрсетуден мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш иесі осы Заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар санатына жатпаса;
2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
Қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы, егер:
1) бұл туралы күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам өтiнiшхат берсе;
2) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам кәмелеттік жасқа толмаса;
3) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;
4) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адамға жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкiн болатын қылмыс жасады деп күдік келтірілсе, айып тағылса;
6) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылса немесе олар стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберiлсе;
7) күдіктiлердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталғандардың, ақталғандардың мүдделерi арасында қайшылықтар болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;
8) қылмыстық процеске жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының) немесе азаматтық талапкердің өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде оған мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қатысса;
10) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және қылмыстық қудалау органдарына немесе сотқа келуден жалтарса;
11) процестік келісім және оны жасасу туралы өтінішхат мәлімделсе, міндетті.
Егер осы баптың 1) – 10) бөлiктерінде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да тұлғалар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргізетін орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы ол Алқа үшiн мiндеттi қаулы шығарады.
Таңдалған немесе тағайындалған қорғаушы ұзақ мерзiм (кемiнде бес тәулiк) бойы қатыса алмайтын жағдайларда, қылмыстық процестi жүргізетін орган қорғалуға құқығы бар куәға, күдiктiге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға басқа қорғаушыны шақыруды ұсынуға немесе ҚР ҚІЖК 68 бабына сәйкес Алқа немесе оның заң кеңестері арқылы қорғаушыны тағайындау шараларын қолдануға құқылы. Қылмыстық процестi жүргізетін органның қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыныс жасауға құқығы жоқ.
Ұстап алу немесе күзетпен қамауға алу жағдайында, егер күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам таңдаған қорғаушы жиырма төрт сағаттың iшiнде келе алмайтын болса, қылмыстық процесті жүргізетін орган күдiктiге, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға басқа қорғаушыны шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда, Алқа немесе оның заң кеңестері арқылы МКЗК көрсету үшін қорғаушыны тағайындау шараларын қолданады.
Кәмелетке толмағандар болып табылатын немесе сот ісін жүргізу тілін білмейтін не өзінің дене немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігінен айырылған жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін процеске міндетті түрде қатысуға олардың заңды өкілдері мен өкілдері тартылады.Мұндай жағдайларда жәбірленушінің өкілі ретінде жәбірленуші не оның заңды өкілі таңдаған адвокат жіберіледі.
Егер адвокатты жәбірленушінің өзі немесе оның заңды өкілі шақырмаса, қылмыстық процесті жүргізетін орган ҚР ҚІЖК 76 бабына сәйкес, Алқа немесе оның заң кеңестері үшін міндетті қаулы шығару арқылы адвокаттың қатысуын қамтамасыз етеді. Қылмыстық процесті жүргізетін орган қорғаушы ретінде нақты адвокатты шақыруды ұсынуға құқылы емес.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге заң бойыншамынадай жағдайларда(ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекснің 749 бабы), егер:
1) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам бұл жөнiнде өтiнiшхат жасаса;
2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемiстiктерiне орай өзiн қорғау құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмайтын болса;
3) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмесе;
4) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам кәмелетке толмаған адам болып табылса, қорғаушының қатысуы мiндетті.
Егер жоғарыда көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның өзi, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар шақырмаса, судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, олар бұл туралы қаулы шығарады. Қаулы Алқаға немесе оның заң кеңестеріне орындау үшін жіберіледі және оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде орындалуға жатады.
Таңдап алынған немесе тағайындалған қорғаушының жиырма төрт сағат iшiнде қатысуы мүмкiн болмаған жағдайларда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе ҚР ӘІЖК 750 бабына сәйкес, Алқас немесе оның заң кеңестері арқылы МКЗК көрсету үшін қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыным жасауға құқылы емес.
Әкiмшiлiк ұстап алу жағдайында, егер өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға таңдап алған қорғаушының үш сағат iшiнде келуi мүмкiн болмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал бас тартылған жағдайда Алқа немесе оның заң кеңестері арқылы МКЗК көрсету үшін қорғаушыны тағайындауға шаралар қолданады.
Қорғаушы iске қатысуға әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаны әкiмшiлiк ұстап алған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезден бастап, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің кез келген сатысында жіберіледі.
Адвокаттың азаматтық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 112 бабымен белгіленген тәртіпте жүргізіледі. Судья істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот істі қараған кезде мына адамдарды:
1) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;
2) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;
3) Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлерді;
4) заңға сәйкес ақталған адамдарға олардың зиянын өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатуға және оларды бюджет қаражаты есебіне жатқызуға міндетті.
Сот тұлғаны заң көмегіне ақы төлеуден және оның өкілдік етуіне байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы немесе өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Адамды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы сот ұйғарымы азаматтық істі қарайтын соттың орналасқан жеріндегі аумақтық адвокаттар алқасына дереу жіберіледі, ол сот белгілеген мерзімде адвокаттың сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.
Қарағанды облысы
Әділет департаментінің
Құқықтық түсіндіру және
халыққа заңгерлік қызмет көрсету
бөлімінің бас маманы
Ғ.С.Әбдібаев