Нотариат туралы Қазақстан Республикасы Заңының 7-2 бабына сәйкес тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерлерді тестілеуден өткізудін тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 28 мамырдағы № 62 бұйрығымен бекітілген "Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидаларымен анықталады.
Жеке практикамен айналысатын нотариустан немесе мемлекеттік нотариустан тағылымдамадан сәтті өткен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен әділет департаменттері жанында құрылатын Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер тұлғаларға аттестаттау жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) www.egov.kz, www.elіcense.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі - ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында (өтініш; нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту үшін мәліметтер нысаны; ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі) тұрғылықты жері бойынша жолдайды.
"Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметті (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әділет департаменттері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді беруші) көрсетеді.
Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжаты, лицензиясы, соттылығының бар не жоқ екендігі және наркологта және психиатрда диспансерлік есепте тұрғандығы/тұрмағандығы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.
Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күні оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе портал арқылы жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда дәлелді бас тартуды дайындайды.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші құжаттардың Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 20 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10270 болып тіркелген) бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді және Комиссияның қарауына береді.
Көрсетілетін қызметті алушының аттестаттауға жіберу туралы құжаттарын Комиссия 11 (он бір) жұмыс күні ішінде қарайды. Қарау қорытындысы бойынша Комиссия Стандарттың 9-тармағында көзделген негіздер бойынша (1) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталғанда; 2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі; 3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болған жағдайда; 4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті алуға байланысты арнайы құқықтан айырылған заңды күшіне енген сот шешімі бар болған жағдайда.) үміткерді аттестаттауға жіберу немесе жіберуден бас тарту туралы дәлелді шешім шығарады.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлға өтініш берген кезде аттестаттау өткізілетін тілді (қазақ немесе орыс) айқындайды.
Егер, көрсетілетін қызметті алушы "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келмесе, аттестаттауға жіберуден бас тартылады.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыны мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша позициясын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабардар етеді.
Алдын ала шешім бойынша көрсетілетін қызметті алушының қарсылығын көрсетілетін қызметті беруші оны алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Тыңдау нәтижелері бойынша комиссия үміткерді аттестаттауға жіберу не жіберуден бас тарту туралы дәлелді шешім шығарады.
Көрсетілетін қызметті беруші аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді өтініш келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.
Аттестаттауға жіберілген көрсетілетін қызметті алушыны көрсетілетін қызметті беруші аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы ұялы телефонға смс-хабарлама беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" оны өткізгенге дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей хабарлайды.
Аттестаттау қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен кем емес өткізіледі.
Аттестаттаудан өткізу мерзімін өтініш пен аттестаттаудан өту күні негізінде ұсынылған құжаттарды есепке ала отырып, "Е-лицензиялау" ақпараттық жүйесінің мемлекеттік деректер базасы автоматты түрде анықтайды.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себептерін жойған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидаларда көзделген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қайта жүгіне алады.
Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге компьютерлік тест тапсыру;
2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау.
Үміткер өзінің тілді таңдауын аттестаттау басталғанға дейін жазбаша растайды.
Тестілер мен емтихан билеттеріне енгізілуге жататын сұрақтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қалыптастырады және бекітеді. Үміткерлер үшін Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын білуге арналған сұрақтар (Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі, Қазақстан Республикасының Жер Кодексі, Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" және "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының заңдары) кемінде үш нұсқасы бар біреуі дұрыс болатын жауапты құрайды.
Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі. Тестілеуге бөлінген уақыт тоқсан минутты құрайды.
Емтихан билеттері нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін білуі қажет құқықтық пәндердің тақырыбына сәйкес болуы тиіс үш сұрақтан тұрады.
Тестілер мен емтихан билеттері құпия ақпарат болып табылады және еркін таратылмайды.
Аттестаттаудан өтудің алдында Комиссия үміткерге аттестаттауды өткізу тәртібі, үміткерлерді іріктеу рәсімінің ұзақтығы мен мазмұны туралы хабарлайды.
Аттестаттаудан өту кезінде үміткердің анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір электрондық тасығыштағы жазбаларды пайдалануға жол берілмейді.
Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда үміткер Комиссия шешімінің негізінде аттестаттаудан шеттетіледі.
Аттестаттаудан шеттетілген үміткер, осы Қағидалардың 6 және 9-тармақтарында көзделген тәртіппен шешім шығарылған күннен бастап үш ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы қайтадан өтініш беруге құқылы.
Аттестаттаудан өту үшін ұсынылған сұрақтардың жалпы саны 100 (жүз) құрайды.
Егер дұрыс жауаптар саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санынан 70 (жетпіс) және одан жоғары болса, үміткер тестілеуден өтті деп саналады және екінші кезеңге жіберіледі.
Емтихан билеттерінің сұрақтарына жауап дайындауға 10 (он) минут беріледі. Үміткердің емтихан билеттерінің сұрақтарына ауызша жауаптарының дұрыстығын комиссия мүшелері бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
Комиссияның әрбір мүшесі аттестатталушының әрбір сұрағы бойынша жауаптарды басқаларына қарамастан бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
Аттестаттау туралы дәлелді шешім не аттестаттамау туралы шешім мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі болып табылады.
Комиссияның аттестаттау не аттестаттамау туралы шешімі аттестаттау өткізілген күні шығарылады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі электрондық нысанда ресімделеді, көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электронды цифлық қолтаңбасымен (бұдан әрі - ЭЦҚ) куәландырылады және көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" электрондық құжат нысанында жіберіледі.
Комиссияның аттестаттаудан өту туралы шешімі Заңның 7-2-бабының 9-тармағына сәйкес ол шығарылған сәттен бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады.
Дәлелді себеппен аттестаттауға келмеген көрсетілетін қызметті алушы (денсаулық жағдайы бойынша, іссапарда болу себебі бойынша, еңсерілмейтін күш салдарынан қатысудың мүмкін еместігі туралы растайтын құжаттарды ұсынған кезде) осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген тәртіппен Комиссияның келесі отырысына шақырылады.
Үмiткер қайта келмеген немесе дәлелсіз себептермен аттестаттауға келмеген жағдайда, оның өтiнiшi қараусыз қалады.
Құқықтық түсіндіру және халыққа
заңгерлік қызмет көрсету бөлімі