Тіл- ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы соның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни ол өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.
Мемлекеттік тіл - тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатын секілді, мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де - мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі.
Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Мемлекеттік тілдің мерейін асыру мақсатында мемлекеттік қызметте қажырлы жұмыс атқарылуда. Барлық шығыс құжаттары мен мемлекеттік мекемелермен хат алмасу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Соның ішінде соңғы кезде, барлық салаларда мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның жүзеге асырылуы үшін бағдарламалардың жасақталғаны, Мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы, мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз.
Мысалы, мекемелерде іс -қағаздар алдымен орыс тілінде әзірленіп, одан кейін мемлекеттік тілге сапасыз, сөзбе - сөз аударылады. Сонда ана тілдің деңгейі, алатын орны қаншалықты болмақ? Бұл арада, мемлекеттік қызметшінің де тілді дамытуға тигізер үлесі қомақты. Ол шағым - арызды әуелгі кезекте мемлекеттік тілде алуға бейім тұруы тиіс. Сонымен қатар, мекеме басшыларының отырыстарды, жиындарды мемлекеттік тілде екі ауыз сөзбен бастап, әрісін ресми тілде жүргізуі де тілдің адымын аштырмай келеді. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуді намыс көріп жүрген азаматтарымыздың ұлттық санасын оятып, намысын қозғау үшін қандай әрекеттер қажет? Ана тіліміз - ата-бабадан қалған аманат екенін ескерсек, аманатқа -қиянат күнә екенін естен шығармағанымыз жөн.
Қарағанды облысы
Әділет департаментінің
бас маманы
Ғ.С.Әбдібаев